Тұрақтылықты қамтамасыз етеді

Тұрақтылықты қамтамасыз етеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында атом энергия­сын дамыту маңызына тоқталып, атом электр стансасын салу шешімін бұқара халықтың талқысына ұсынатынын мәлім етті. Бұл әрине, әділетті шешім. Сала маманы және жетекшінің бірі ретінде АЭС-тің басқа энергия көздерінен (cу, көмір, газ, жел, күн) артықшылығына аз-кем тоқталғым келді.

Судан энергия өндірейік десек, елде таулар мен одан сарқыраған бұлақтар, өзендер тым аз. Негізінен жазық жерде орналасқан ел болған соң жаңа әрі «жасыл энергия» көзіне ұмтыламыз. Бүгінгі күнде ол – АЭС. Энергияның бұл түрі көмір, газ, гидроэнергетика, жел және күн сияқты басқа энергия көздеріне қарағанда да бірқатар артықшылыққа ие.

Ең алдымен, АЭС электр энергиясының тұрақты және қуатты өндірісін қамтамасыз етеді. Ол желінің негізгі жүктемесін үзіліссіз сақтай алады. Сондай-ақ тиімділігі климаттық жағ­дай­ларға байланбайды. Нақтырақ айтқан­да, жел мен күн сияқты жаңартылатын көздер­ден айырмашылығы, АЭС тұрақты және сырт­қы факторларға тәуелсіз жұмыс істейді.

Сонымен қатар атом электр стансасында көмірқышқыл газы шығарындыларының минималды деңгейі бар. Бұл оның дәстүрлі көмір және газ стансаларымен салыстырғанда, экологиялық таза нұсқа екенін көрсетеді.

Тағы бір маңызды артықшылығы – ядролық отынның жоғары энергия сыйымдылығы. Ол көмір немесе газбен салыстырғанда, шикізаттың аз көлемінде айтарлықтай көп электр энергиясын өндіруге мүмкіндік береді. Бұл қазба ресурстарына тәуелділікті азайтады және энергия өндіруді үнемді етеді.

АЭС беріктігі және сенімділігімен де ерекшеленеді. Оны пайдалану ондаған жыл бойы жалғасуы мүмкін. Қазіргі реакторларды пайдалану мерзімі 20-60 жыл деп саналады. Бұл 80 жылды білдіреді. Ішінара жаңғыртумен тағы 20 жылға дейін ұзартуға болады. Сонда бір АЭС елді энергиямен 100 жылға дейін тапжылмай қамтамасыз етеді. Бұл энергиямен жабдықтаудың ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етеді.

Бұлардан бөлек, АЭС-ті орналастыру үшін күн немесе жел электр стансаларына қарағанда едәуір аз аумақ жеткілікті. Бұл қуатты энергетикалық нысандарды құру кезінде жер ресурстарын дұрыс пайдалануды оңтайландырады.

Тимур Жантикин,

«Қазақстан атом электр стансалары» ЖШС бас директоры


#экономика, #АЭС