Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Экономика 51 қаралымabaidan.kz

Семейде сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды

Семейде сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды

Семей қаласында сауда нысандарын жаңғырту және олардың сыртқы келбетін ретке келтіру жұмыстары жүйелі түрде жалғасып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің тапсырмасын орындау мақсатында бекітілген Жол картасы аясында жүзеге асуда.

Семейде сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте қаладағы сауда нысандарын жаңғыртудың қазіргі барысы талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Айбек Рахымбеков баяндама жасады. Бүгінде бірқатар сауда орындарында құрылыс-монтаж және абаттандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Атап айтқанда, «СМОКК» базарында құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Ал «МЕРЕКЕ» базарында демонтаждау жұмыстары жүргізіліп, екінші және үшінші сауда қатарлары толық бұзылған. Қазіргі таңда бетон құюға дайындық жұмыстары атқарылуда. «Ақшың» базарында ғимараттың қасбеті сырланып, нысанды одан әрі жаңғырту мәселесі пысықталуда. Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес «ЖАНСАЯ» базары мен «НИВА» сауда үйінде де ауқымды жұмыстар қолға алынған. «ЖАНСАЯ» базарында қасбет жаңартылып, фиброцементті плиталар монтаждалуда. Бұдан бөлек, шатыр сырланып, аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр. Ал «НИВА» сауда үйінде шатыр толық ауыстырылып, ғимараттың қасбеті сырланған. Техникалық бөліктегі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір мұнда үш жаңа сауда павильоны орнатылуда. Келесі кезеңде кіреберіс бөлік гранитпен қапталып, аумақ абаттандырылады. Сауда үйін қыркүйек айында қайта ашу жоспарланған. Қаладағы жаңғырту жұмыстары басқа да кәсіпкерлік нысандарды қамтып отыр. Мәселен, «Ұлар» сауда үйінде қасбет заманауи қаптау материалдарымен жаңартылуда. Әуезов даңғылындағы «Жаңа-Базар» және «Жаңа Семей» сауда үйлерінің эскиздік жобалары келісіліп, құрылыс-монтаж жұмыстарына дайындық басталған.

Бұрынғы «Мереке» дүкенінің ғимаратында да қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін нысанды қоғамдық тамақтану орны ретінде пайдалану көзделген. Жиында облыс әкімі жауапты басқармалар мен қала әкімдігіне сауда базарларын жаңғырту бойынша Жол картасының уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ «ЖАНСАЯ» және «НИВА» сауда үйлеріндегі жұмыстарды аяқтау, «СМОКК» базары маңындағы жол қозғалысын реттеу мүмкіндігін қарастыру және заңсыз нысандарды ретке келтіру бойынша нақты шаралар қабылдау міндеті қойылды. Берік Уәлидің айтуынша, сауда нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру – тұрғындарға қолайлы жағдай қалыптастырудың, сауда қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттырудың және қаланың сәулеттік келбетін жақсартудың маңызды тетігі.

Семейде сауда нысандарын жаңғырту жұмыстары қарқын алды

«Сауда нысандарын заманауи талаптарға сәйкестендіру – ең алдымен қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасауға, сауда қызметінің сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ қаланың сәулеттік келбетін жақсартуға бағытталған маңызды міндет», – деді облыс әкімі.

Жаңғырту жұмыстары Семейдің сауда инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеріп қана қоймай, қаланың жалпы сәулеттік келбетіне де оң әсер етпек. Аймақ басшысы бұл талаптар аудан орталықтарындағы сауда нысандарына да қатысты екенін атап өтті. Сондықтан алдағы кезеңде жаңарту және абаттандыру жұмыстары өңірдің басқа елді мекендерінде де жалғасын табады.