Жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі
Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде «2024 жылға арналған жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі туралы» баспасөз конференциясы өтті6-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облыстық өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Декларацияда көрсетілген активтер мен міндеттемелер туралы Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің түсіндіру жұмыстары және байланыс орталығы басқармасының басшысы Әсем Қадырқызы баяндады.
2024 жылы активтер мен міндеттемелер туралы жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінде декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары, олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары тапсырады. Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны тапсыру 2024 жылғы 15 қыркүйектен кешіктірілмеуі қажет.
- Алдағы жылы басталатын активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны электрондық түрде – «Салық төлеушінің кабинеті» Мемлекеттік кірістер комитетінің web-порталы (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) арқылы, сондай-ақ eSalyq аzamat және (egov.kz) мобильді қосымшалары арқылы өтуге болады. Сондай –ақ азаматтар декларацияны тұрғылықты жері бойынша тапсырады, - деп атап өтті Әсем Қадырқызы.
Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда:
1. Қазақстан Республикасынан тысқары жерлердегі мүліктері:
• жылжымайтын мүлік, жер учаскелерін және (немесе) жер үлестерін, әуе және теңіз кемелерін, ішкі суда жүзу кемелерін, «өзен-теңіз» жүзу кемелерін;
• көлік құралдарын, арнайы техника және (немесе) тіркемелерін;
• барлық банк салымдары бойынша республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын АЕК 1000 еселенген мөлшерінен асатын сомадағы Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегі шетелдік банктердегі банк шоттарындағы ақшасын;
• Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде құрылған заңды тұлғаның жарғылық капиталына қатысу үлесін көрсетуге арналған.
Қазақстан Республикасындағы және (немесе) одан тыс жерлердегі мүлік:
• тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы келісім бойынша тұрғын үйдегі үлес;
• бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдары (туынды қаржы құралдарын қоспағанда, олардың орындалуы базалық активті сатып алу немесе сату арқылы жүзеге асырылатын);
• инвестициялық алтын;
• зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқық;
• республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және декларация ұсынылған жылдың алдындағы жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша қолданыстағы АЕК 10000 еселенген мөлшерінен аспайтын мөлшерде көрсетілген қолма-қол ақша;
• банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардың Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы заңнамасына сәйкес құрылған берешегін қоспағанда, міндеттемелердің немесе талаптардың туындауына негіз болып табылатын нотариат куәландырған (куәландырған) шарт немесе өзге де құжат болған кезде жеке тұлғалардың жеке тұлға алдындағы берешегі (дебиторлық берешек) және (немесе) жеке тұлғаның басқа тұлғалар алдындағы берешегі (кредиторлық берешек);
• Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда Қазақстан Республикасының бағалау қызметі туралы заңнамасына сәйкес бағалаушы мен салық төлеуші арасындағы шарт бойынша жүргізілген бағалау туралы есепте айқындалған құн болған кезде, осы мүліктің бірлігі үшін баға (құн) республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және есепті салық кезеңінің 31 желтоқсанында қолданылатын айлық есептік көрсеткіштің 1000 еселенген мөлшерінен асып кеткен жағдайда жеке тұлғаның қалауы бойынша басқа мүлік көрсетілуі мүмкін. Бұл ереже мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке, сондай-ақ құқықтары және (немесе) мәмілелері мемлекеттік немесе өзге тіркеуге жататын мүлікке қатысты қолданылмайды.
2024 жылы Активтер мен міндеттемелер туралы декларация тапсырылғаннан кейін, 2025 жылдан бастап жыл сайынғы Кірістер мен мүлік туралы декларацияны (270.00-нысан) тапсыру әрбір азаматқа міндет болып саналады.