Абай облысында 5 мыңнан астам тұрғын көлік салығын төлемеген

Абай облысында 5 мыңнан астам тұрғын көлік салығын төлемеген

Абай облысында 5 мыңнан астам тұрғын көлік салығын төлемеген,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі.  2023 жылғы көлік салығын төлеу 2024 жылдың 1 сәуірінде аяқталады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Абай облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлері еске салды.
- Жеңіл автомобильдер бойынша салық сомасы қозғалтқыштың көлемі бойынша тиісті градацияның төменгі шекарасынан асып кеткен әрбір бірлік үшін 7 теңгеге ұлғаяды. 2023 жылғы салықты есептеу кезінде 3450 теңге мөлшеріндегі айлық есептік көрсеткіш пайдаланылады. Салық сомасын kgd.gov.kz веб-порталда және E-Sally Azamat мобильді қосымшасында есептеуге болады, - деп түсіндірді Абай облысы бойынша МКД өндірістік емес төлемдерді әкімшілендіру бөлімінің басшысы Гүлжан Жақиянова.

2024 жылдың 15 наурызынан бастап Kaspi Bank және Halyk Bank мобильді қосымшаларының пайдаланушылары есептелген салық сомалары туралы хабарлама алса, ал 2 сәуірден бастап уақытылы төлем жасамаған тұлғаларға қарызы туралы арнайы хат жолданады.

- Салық берешегі туралы хабарлама алғаннан кейін, отыз жұмыс күні өтіп салық төленбесе арнайы өндіріп алу туралы салық бұйрығы жасалмақ. Ал, борыш өтелмеген жағдайда 5 жұмыс күні ішінде оны жеке сот орындаушылары мәжбүрлі түрде өндіріп алуға жолдайды, - деп хабарлады департамент өкілдері.

Бүгінгі таңда жеке тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық бойынша 5600 салық төлеушінің берешегі 269 миллион теңгені құраған. Міндеттер еленбесе, көлік иесіне шектеулер, соның ішінде есепшоттарды тәркілеу және елден шығуға тыйым салынуы мүмкін.


#Абай облысы, #салық, #автокөлік