Абай облысында 558 қаржы пирамидасының сайты бұғатталды
Абай облысында соңғы екі жылда қаржы пирамидаларына қарсы күрес шеңберінде 558 сайт пен чат бұғатталды. Бұл туралы Абай облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Ғалым Шегенов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, облыс аумағында құқық қорғау органдары және Экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірлесіп, 14 қаржы пирамидасын ұйымдастырған және олардың қызметін жарнамалаған тұлғаларды жауапкершілікке тартқан.
- Аталған істер бойынша 1 500-ден астам азамат қаржы пирамидаларының құрбанына айналды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 115 миллион теңгеден асты. Тергеу аясында жалпы құны 39,1 миллион теңге болатын мүлікке тыйым салынды. Бүгінге дейін 33,1 миллион теңге қайтарылды, – деді Ғалым Шегенов.
Оның айтуынша, жолы кесілген жобалар қатарында Qvasar, Magis, Bitline, Eolus, Chiatai, LiveGood, JDL, Asar Baspana, Vip International, El Quaty, Boxy Wealth, Q-net, Рахат 0425 және Дари Получай секілді атаулар бар.
Спикер соңғы уақытта қаржы пирамидалары салымшылардан қаражатты криптовалюта түрінде жинау тәсілін жиі қолдана бастағанын атап өтті. Бұл – қылмыстық жолмен алынған табыстарды жасырудың жаңа әдісі саналады.
- Қаржы пирамидаларының негізгі белгілеріне – жоғары табысқа уәде беру, нақты өнім мен қызметтің болмауы, жаңа салымшыларды тартуға итермелеу, салынған қаражатты қайтару шарттарының түсініксіздігі және қаржылық қызметке рұқсат беретін лицензияның болмауы жатады. Мұндай жобалар, көбінесе, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы және ықпал ете алатын жеке тұлғалар арқылы таралады, – деді департамент өкілі.
Абай облысы бойынша 2023 жылдан бері «Кибербақылау» жүйесінің көмегімен қаржы пирамидаларына қатысы бар 558 сайт пен чат анықталып, олардың қызметіне тосқауыл қойылған.
Ведомство өкілдері азаматтарды қаржы пирамидаларының белгілерін тануға шақырып, күмәнді әрекеттерге қатысты мәліметтерді Қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 нөміріне немесе AFM Insider чат-боты арқылы хабарлауға кеңес береді.
#Абай облысы, #қаржы пирамидасы