Активтерді қайтару халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде

Активтерді қайтару халықаралық ұйымдармен бірлесіп жүргізілуде

Халықаралық-құқықтық ынтымақтастық - активтерді қайтару бойынша жұмыстың аса маңызды бөлігі. Жауапты ведомство қысқа уақыт ішінде барлық негізгі халықаралық ұйымдар және басымды юрисдикциялармен байланыс орнаттты. Ұрланған активтерді қайтару жөніндегі Біріккен ұлттар ұйымы мен Дүниежүзілік банктің СтАР бастамасымен өзара іс-қимыл жалғасуда. Бұл жайлы ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитетінің төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков ОКҚ брифингінде айтты.

«Интерполдың «Күміс бюллетень» және «Күміс хабарлама» атты активтерді қайтарудың жаңа құралын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобына белсенді қатысудамыз. Еуропа Кеңесі Комитет үшін үлкен деректерді талдау және визуализациялау бойынша ІТ бағдарламасын сатып әперді. ГЛОБИ жаһандық сыбайлас жемқорлыққа қарсы жедел желісіне мүшелікке кірдік. Ақпаратпен алмасу арнасын орнаттық», – деді спикер.

Біріккен ұлттар ұйымы Есірткіге және қылмыстылыққа қарсы басқармасының қолдауымен активтерді қайтару тетіктерін жетілдіру, Комитет қызметкерлері үшін оқыту тренингтерін ұйымдастыру бойынша бірқатар шаралар іске асырылуда. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымымен бірлесіп активтерді қайтару бойынша кешенді жоба әзірлеу қарастырылуда. 

«Жалпы алғанда, Комитет жұмысы заңды сапалы іске асыруға, Мемлекет басшысының заңсыз шығарылған активтерді қайтару жөніндегі тапсырмасын тиімді орындауға және оларды еліміздің дамуына, халқымыздың игілігіне жұмсауға бағытталған. Парламент депутаттары және Үкіметпен бірлесіп Президент Жолдауында қойылған мақсат- міндеттерді басымды түрде іске асыратын боламыз», – деп түйіндеді Н.Сүйіндіков.


#қаржы