Енді заңсыз шығарылған активтер Интерпол арқылы қайтарылады

Енді заңсыз шығарылған активтер Интерпол арқылы қайтарылады

 Астанада Ішкі істер министрлігі Интерпол Ұлттық орталық бюросы мен ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Бұл қадам экономикалық қылмыстармен және активтерді заңсыз шығарумен күресте ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Меморандум аясында тараптар бірлескен бастамаларды іске асыру, активтерді қайтару және заңсыз қаржы операцияларының жолын кесу саласындағы ақпарат пен тәжірибе алмасу үшін күш біріктіруге келісті.

– Меморандум ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ заңсыз жолмен шығарылған активтерді қайтару бойынша жаһандық күш-жігерді нығайтуға деген шешімімізді көрсетеді, – деп атап өтті ІІМ Интерпол ҰОБ-ның бастығы Мерей Мақұлжан.

Мұндай серіктестік халықаралық тергеулерге қолдау көрсету және мемлекеттер мен олардың азаматтарына тиесілі қаражатты қайтару арқылы экономикалық қылмыстарға неғұрлым жедел және тиімді қарсы тұруға мүмкіндік береді. Өзара көмек туралы меморандум елдің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты ортақ міндеттерді шешу үшін ұзақ мерзімді ынтымақтастық пен тұрақты платформа құруға негіз қалайды.

Еске салсақ, Президенттің заңсыз активтерді қайтару бағытындағы тапсырмаларын орындау аясында арнаулы мемлекеттік қорға 176,3 млрд теңге жиналды.


#Бас прокуратура, #Полиция, #қаржы