Фитнес-клубтар мен мейрамханалардың табысы тексеріледі – Кірістер комитеті

Фитнес-клубтар мен мейрамханалардың табысы тексеріледі – Кірістер комитеті

Бүгінде мемлекеттік бюджетке 27 млрд теңгеден астам қаражат төленді. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлайды. Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтардың салық міндетін орындау барысын қадағалап, анықтауды жалғастырып жатыр. Комитеттің мәліметіне сүйенсек, қазір бюджетке құрылыс компанияларынан 16,5 млрд теңге, сауда ұйымдарынан 2,8 млрд теңге, қызмет көрсету саласы бойынша  2,1 млрд теңге, сондай-ақ басқа салалардан 5,6 млрд теңге салық түсті. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасады.

- Нақты шығындар мен кірістерді салыстыру мақсатында ірі премиум санатындағы фитнес-клубтар мен мейрамханаларды тексеруге кірісті, - делінген хабарламада.

Айта кетсек, елімізде салық берешегін өндіріп алу тәртібі қайта қаралады.Сондай-ақ Мемлекет басшысы салық реформасы аясында батыл шараларды дәл қазір қабылдау керектігін айтқан еді. 

Еске сала кетсек, ақпанның соңында Үкімет басшысы Олжас Бектенов кәсіпкерлерді екі аптада салық сомасын әділетті түрде төлеуге шақырды. Ол тізімде BI Group, BAZIS және басқа да көптеген ірі құрылыс компаниясы жүр. Үкімет басшысының тапсырмасынан кейін BI Group, BAZIS тағы басқа компаниялар 17 млрд теңге салық төледі.

 Kazinform


#қаржы