Kaspi.kz АҚШ-та IPO өткізді

Kaspi.kz АҚШ-та IPO өткізді

Қазақстандық ірі технологиялық Kaspi.kz банкі АҚШ-тағы биржада IPO өткізді. IPO Apple, Amazon, Google және басқа да көптеген әлемнің жетекші инновациялық компаниялары орналасқан NASDAQ биржасында өтті. Kaspi.kz-тің АҚШ-тағы IPO-сы өткен жылдың қазан айынан бергі және биылғы ең ірілерінің бірі болды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Stan.kz сілтеме жасап. 

Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі әрі басшысы Михаил Ломтадзе:

"Баршамызға қымбат Қазақстанның әсем туы Нью-Йорктің ортасындағы Time Square-де желбіреп тұрған кездегі кеудемізді асқақтатқан мақтаныш сезімін сөзбен айтып жеткізу қиын. Сіздермен бірге біз Қазақстанды жаңа деңгейге көтердік, Қазақстанды әлемдік инновация картасына енгіздік және әлемнің көптеген елдері, компаниялары мен инвесторлары үшін үлгі болдық. Kaspi.kz дамуында жаңа кезең басталды. Енді біздің алдымызда сіздердің әрқайсыңыздың және ел алдында бұдан да үлкен жауапкершілік тұр. Біздің сүйікті клиенттеріміз бен серіктестерімізге бізбен бірге болғандарыңыз үшін рахмет! Бізді бұдан да үлкен жетістіктерге шабыттандыра түсіруді өтінеміз. Біз өз тарапымыздан адамдардың өмірін жақсартатын және Қазақстанның дамуына үлес қосатын инновациялық қызметтерді жасауды жалғастыруға уәде береміз!"

Вячеслав Ким, директорлар кеңесінің төрағасы және Kaspi.kz негізін қалаушылардың бірі:

“Kaspi.kz тарихы Қазақстанмен, елімізде тұрып, жұмыс істейтін адамдармен тығыз байланысты. АҚШ-тағы IPO кезінде біз инвесторларға Қазақстан және еліміздегі цифрландырудың табысы туралы көп айттық. Көптеген ірі инвестициялық қорлар Қазақстандағы мемлекеттің бастамасымен және қолдауымен жүзеге асырылып жатқан цифрландырудың ерекше қарқынын бұрыннан бақылап келеді. Kaspi.kz-тің Америка нарығына сәтті шығуы - инвесторлар үшін Қазақстанға және қазақстандық компанияларға инвестиция салуға тағы бір белгі екеніне сенімдіміз”

Кэрен Сноу, Head of Global Listings, өз сөзінде былай деді:

Kaspi.kz 17 жыл бұрын Қазақстанда, Алматыда құрылғалы бері компания халықтың өмірін жақсартуды өзінің миссиясына айналдырып, цифрландыруға орасан зор үлес қосты.  Kaspi.kz суперқосымшасы электронды коммерция, саяхат, азық-түлік, төлемдер, QR-кодпен төлеу және мемлекеттік қызметтердің кең ауқымын ұсынып, қазақстандықтардың күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналды. Kaspi.kz суперқосымшасы әлемдегі басқа қолданбалармен салыстырғанда ең жоғары белсенділік көрсеткіштеріне ие. Сіздің командаңызды құттықтаймыз. NASDAQ Kaspi.kz-пен серіктес болғанын мақтан тұтады және Қазақстаннан АҚШ-та IPO жасаған бірінші компанияны қарсы алады".

Kaspi.kz миссиясы – клиенттерінің өмірін жақсартатын инновациялық өнімдер мен қызметтер жасау. Компания инновациясының негізінде өз саласындағы жалғыз және елдегі ең танымал, 13 миллионнан астам адам қолданатын мобильді суперқосымша Kaspi.kz тұр. Kaspi.kz суперқосымшасының көмегімен клиенттер төлем және аударым жасап, қаражаттарын басқарады және жеткізу қызметімен тиімді онлайн зат сатып алады. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтерді алады және басқа да көптеген күнделікті мәселелерді шешеді. 


#қаржы