600-ден астам ерікті көктемгі су тасқыны салдарын жоюға көмектесуде
Абай облысында көктемгі су тасқынының алдын алу және оның салдарымен күресуге 600-ден астам ерікті атсалысты,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Алғашқы күннен бастап облыстық волонтерлік фронт-офис ақпараттандыру және ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді. Ал жергілікті жерлердегі аудандық жастар орталықтары жанындағы еріктілер белсенді жұмыс істеді.
Олар азаматтарға алғашқы көмек көрсетуге, эвакуациялауға, азық-түлік жеткізуге көмектесті. Жарма ауданында – 80, Бородулиха ауданында – 130, Бесқарағай ауданында – 60 және Ақсуат ауданында – 230 ерікті белсенді қатысты. Бүгінде Аягөз қаласында 100 ерікті азық-түлік жеткізу, жоғалған адамдарды іздеу жұмыстарына көмектесіп жатыр. Облыстық фронт-офис жергілікті еріктілермен бірлесіп қызмет атқарды.
Сонымен қатар, еріктілер тобы жолда қалған азаматтарға қажетті заттарды жеткізді.
#Абай облысы, #еріктілер, #су тасқыны