Абай гарнизонында жоспарлы ұшу оқу-жаттығулары өтті
Абай гарнизонында орналасқан 54835 әскери бөлімінде жоспарлы оқу-жаттығу ұшулары ұйымдастырылды,-деп хабарлайды abaidan.kz агенттігі Абай өңірлік гарнизонының баспасөз қызметі. Әуе базасының ұшқыштары жауынгерлік дайындық жоспарына сәйкес Ми-17 және Ми-24 тікұшақтарымен әуеге көтеріліп, әртүрлі тактикалық тапсырмаларды орындады.

Оқу-жаттығу барысында экипаждар әуе кемелерін басқару шеберлігін шыңдап, шартты жауынгерлік жағдайларда әрекет ету дағдыларын жетілдірді. Сонымен қатар, ұшу тапсырмалары экипаж мүшелерінің өзара үйлесімді іс-қимылын арттыруға бағытталды.

54835 әскери бөлімінің авиациялық эскадрилия командирі, майор Ерлан Шыналиевтің айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар ұшқыштар үшін ерекше маңызға ие.

– Жаттығулар нақты жағдайда әрекет етуге, техниканы сенімді басқаруға және экипаж мүшелері арасындағы үйлесімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Ми-17 тікұшағы берілген тапсырмаларды орындауда өзін толықтай ақтады, – деді ол.

Айта кетейік, жоспарлы ұшулар әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын арттыруға және әуе техникасының ұрысқа әзірлігін тұрақты деңгейде ұстап тұруға бағытталған.
#Абай облысы, #Абай өңірлік гарнизоны