Абай облысы Бекен Имахановты соңғы сапарға шығарып салды

Абай облысы Бекен Имахановты соңғы сапарға шығарып салды

Абай театрында Қазақ КСР-нің халық әртісі, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Бекен Имахановпен қоштасты. Облыс жұртшылығы театр өнерінің тарихында өшпес із қалдырған тұлғаны ақтық сапарға шығарып салды,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облыстық әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Халық әртісі Бекен Имаханов «Сахна өмірі» аталымымен «Сахнагер» Ұлттық театр сыйлығының лауреаты, ҚазССР-нің еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Семей қаласының және Абай облысының құрметті азаматы.

Бекен Имаханов жас өнерпаздар арасынан бірнеше ұрпақ тәрбиелеген тәлімгер, ұстаз болды. Оның театр өнерінің дамуына қосқан үлесі көрерменнің, бірге қызмет еткен жандардың жадында және жүрегінде мәңгілік сақталады.

«Бекен ағамызбен бірге, бүтіндей «дәуір» кетіп барады… «Кейінгі толқын» інілердің мойнында, ағаның абыройлы ісін жалғап, сабақтастық жібін үзбеу міндеті тұр.  Олай болса, аманатқа қиянат жасамаған елдің азаматына лайықты істеріміз көп болсын… Бекен Имахановтың ағайын-туысқандары мен әріптестеріне, күллі Абай еліне, қайғыларына ортақтасып көңіл айтамын!», - деп Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев көңіл айтты.

Бекен Имаханов 1936 жылы 20 қарашада Абай ауданында дүниеге келген. 1959 жылы Алматы консерваториясын бітіргеннен кейін Абай атындағы қазақ музыкалық-драма театрының труппасына қабылданды. Театрда қызмет еткен жылдар ішінде ол көптеген рөлдерді сомдады. Оның басты шығармаларының бірі – «Шәкәрімнің соңғы күзі». Актер 1991 жылы басты рөлді сомдады.


#Семей, #Абай облысы