Абай облысы: «Қаладан – ауылға» форумы ауылды жаңғыртуға жаңа серпін бермек
Абай облысында «Қаладан – ауылға» атты өңірлік форум өтіп, ауылдық аумақтарды дамытудың жаңа бағыттары мен нақты тетіктері талқыланды. Ауқымды жиынға ҚР Премьер-министрінің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аmanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, ҚР Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, сондай-ақ өңір және аудан әкімдері, мәслихат депутаттары, ауылдық округ әкімдері мен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Форумның басты жаңалығы – Абай облысында «Қаладан – ауылға» пилоттық жобасының ресми басталуы болды. Жобаның мақсаты – ауыл халқын тұрақтандыру, кадр тапшылығын азайту, шағын және орта бизнесті дамыту және ауылдық елді мекендердің экономикалық әлеуетін арттыру.

Форумның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Берік Уәли бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.
«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен ауыл әкімдерінің қызметіне арналған диалог-платформасында «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі, халқымыздың тамыры – ауылда» деп ауылдың жағдайы ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Жоба аясында ауыл тұрғындарын тұрақтандыру және қаладан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жаңа мазмұнда тиімді іске асыру көзделеді», – деді аймақ басшысы.
Форумда агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Биыл «Агроөнеркәсіп кешенінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру» жол картасы аясында жалпы құны 23,1 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде салаға тартылатын инвестиция көлемі 78,2 млрд теңгеге дейін ұлғайтылмақ.



Соның ішінде Жаңасемей ауданында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге жылына 11,4 мың тонна ет өндіретін заманауи ет комбинаты салынуда. Кәсіпорын толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ.
Бұдан бөлек, облыста 2026–2030 жылдарға арналған қой шаруашылығын дамыту бағдарламасы әзірленуде. «Игілік» бағдарламасы арқылы 300 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алу жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 50 млрд теңге бөлу қарастырылуда. Нәтижесінде алдағы бес жылда өңірдегі қой саны 1,2 млн бастан 2,3 млн басқа дейін ұлғаяды деп күтілуде.
Облыс әкімінің орынбасары Думан Оспанов 2026–2028 жылдары жүзеге асырылатын жобаның негізгі бағыттарын таныстырды. Оның айтуынша, өңірдегі 600 мыңға жуық халықтың 222 мыңы ауылдық жерде тұрады. Облыста 138 ауылдық округ бар.
Жоба аясында ауылға көшіп келушілерге тұрғын үй алуға қолдау көрсетіледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары бойынша бастапқы жарнаның 90 пайызына дейін облыс әкімдігі тұрғын үй сертификатын береді (1,5 млн теңгеден аспауы тиіс).
Сонымен қатар:
- «Жастар тәжірибесі», «Қоғамдық жұмыстар», «Күміс жас» бағдарламалары арқылы жұмыспен қамту;
- жаңа бизнес-идеяларға гранттар беру;
- «Бір ауыл – бір өнім» жобасын дамыту;
- облыс әкімінің білім гранттары арқылы ауылға қажетті мамандар даярлау көзделген.
Ауыл кәсіпкерлігін дамытуда «Ауыл аманаты», «Іскер аймақ» және биыл басталатын «Игілік» жобалары негізгі құрал болмақ. Жеңілдетілген несие 6 пайызбен 7–10 жылға беріледі.
Ерекше жобалардың қатарында «Сауынды сиыр» және «100 қой» бастамалары бар. Соңғысы – бюджет қаражатын қажет етпейтін, ірі және орта шаруашылықтардың қолдауына негізделген «тауарлы несие» форматы.

Форум барысында өңірлердегі ауылдық аумақтарды дамыту, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жетілдіру және жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін күшейту мәселелері кеңінен талқыланды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Уәли:
«Абай облысы – тарихи тамыры терең, әлеуеті зор өңір. Біздің басты міндетіміз – ауылдық аумақтардың тұрақты дамуын қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын арттыру және ауылды экономикалық өсімнің тірегіне айналдыру. Нәтиже әр ауылдық округ әкімінің нақты жұмысына, бастамашылдығына және жауапкершілігіне тікелей байланысты», – деп атап өтті.
Форум алдында аймақ басшысы және қатысушылар өңірдің ірі тауар өндірушілерінің көрмесін аралап, ауыл шаруашылығы саласындағы жаңа өнімдермен және жобалармен танысты.


«Қаладан – ауылға» форумы Абай облысында ауылды дамытудың жаңа кезеңі басталғанын айқындап, нақты жобалар мен қаржылық тетіктер арқылы өңір экономикасын нығайтуға бағытталған жүйелі қадамдардың жүзеге асатынын көрсетті.

#Абай облысы, #Ауыл - ел бесігі, #форум