Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясы өтті

Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясы өтті

Бүгін аймақ басшысы Берік Уәлидің төрағалығымен Абай облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІІ сессиясы өтті. «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» тақырыбындағы жиынға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық институттардың өкілдері қатысты.

Сессияны ашқан облыс әкімі Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығымен құттықтап, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтудағы рөлінің зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында сөйлеген сөзінде «Ассамблея қоғамдық ұйымдармен және институттармен тығыз байланыста жұмыс істеп, еліміздің ішкі саясатын жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Осылайша, мемлекет пен қоғам арасында сындарлы әрі жемісті сұхбат, яғни, диалог орнатуға ықпал етуде» деп атап өтті. Бұл Ассамблеяның Қазақстан қоғамындағы жасампаз рөлі мен этносаралық татулықтың қазақстандық үлгісін қалыптастырудағы қызметіне берілген жоғары баға болатын. Ассамблея қоғамдағы тұрақтылық пен келісімді нығайтуға, еліміздегі бірлік пен теңдіктің, тұрақтылық пен тыныштықтың сақталуына елеулі үлес қосып келеді. Этносаралық қатынас саласындағы теңдессіз қоғамдық институт ретінде танылды», - деді аймақ басшысы.

Сессияда Мемлекет Басшысының төрағалығымен өткен мерейтойлық сессияда Ассамблеяның әлеуетін арттыру мақсатында берілген тапсырмалар талқыланды. Атап айтқанда, облыстағы Достық үйлерін туристік маршруттарға енгізу, этномедиацияны қолдау, этностық БАҚ-ты дамыту, жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру және Федор Достоевский музейінің танымалдығын арттыру міндеттері белгіленді.

Сессия барысында «Возрождение» неміс этномәдени бірлестігінің төрайымы Лилия Гончарук, Абай облысы ҚХА мүшесі, «Ассамблея жастары» қозғалысының мүшесі Мадияр Насыров, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Қазбек Хасаев, «Ассамблея жастары» республикалық жастар қозғалысының мүшесі Ульяна Абашева сөз сөйледі. Олар Қазақстан халқы Ассамблеясының елдегі татулық пен тұрақтылықты нығайтудағы рөліне, мемлекеттік тілдің мәртебесіне байланысты ойларын ортаға салды.  

«Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойы аясында Мемлекет басшысының қолдауымен барлық өңірлер қатысатын «Абайға құрмет» республикалық акциясы бастау алды. Солардың ішінде, алғашқылардың бірі болып Маңғыстау облысы қаламызға Достық үйін салатынын естігенде көңіліміз марқайып қалды. Игілікті бастама өңіріміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосатындығына сенеміз. «Берекелі болса ел» деп хәкім Абай айтқандай, бірлігімізді танытып, жақсы істің басына жұдырықтай жұмылуға әзір екенімізді жеткізгім келеді», - деді Мадияр Насыров.


#Абай облысы, #Ассамблея