Абай облысында 183 нысанға тексеру жүргізілді
Абай облысының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы биыл аймақ ішінен түскен мыңдаған өтініш пен шағымды мұқият қарап, әрбір нысанның сапасына жіті назар аударып отыр.
Жыл басынан бері жеке және заңды тұлғалардан, сондай-ақ мемлекеттік және құқық қорғау органдарынан түскен 2477 өтініш қаралып, тиісті шешімдер қабылданған. Бұл жайында басқарма басшысы Сайлауғалы Байназаров Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында кеңінен баяндады.
– Электронды лицензиялау мен аттестаттау үдерісі бүгінде толық цифрландырылған. Құрылыс-монтаждау саласында екінші санаттағы – 2, үшінші санаттағы – 11 лицензия берілді. Жобалау бағыты бойынша тағы екі лицензия рәсімделді. Ал техникалық сараптама саласында 124 өтініш қабылданып, соның 36-сы оң шешімін тапты, – деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, бақылау-тексеру шаралары дәлелді дерек пен нақты құқық бұзушылық тіркелген жағдайда ғана жүргізіледі.
Биылдың өзінде 38 заңбұзушылық фактісі бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, жалпы сомасы 20,3 миллион теңге айыппұл өндірілді, соның 1,6 миллионынан астамы сот шешімі арқылы.
Бұған қоса, басқарма құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып, 183 нысанда кешенді тексеру жүргізген.
Атап айтқанда, облыстық прокуратура – 14, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет – 11, Ішкі мемлекеттік аудит департаменті – 25, сондай-ақ аудандық және көлік прокуратуралары – 133 нысанда тексеру өткізген.
Жыл басынан бері құрылыс жұмыстарына рұқсат беретін 631 талон-хабарлама рәсімделіп, оның 586-сы тіркелсе, 45-і кері қайтарылған.
Сонымен қатар, облыс әкімі Берік Уәлидің тапсырмасы мен Ұлттық экономика министрлігінің №86 бұйрығына сәйкес, өңірде бюджеттік құрылыс сапасына мониторинг жүргізілуде. Бұл бақылауға Off-take келісімшарттары аясындағы тұрғын үйлер, әлеуметтік маңызы бар нысандар және жолдарды орташа жөндеу жұмыстары енгізілген. Нәтижесінде, 11 аудан мен Семей қаласында 124 нысан қамтылып, бірқатарында кемшіліктерді жою бойынша нақты ұсыныстар берілген.