Абай облысында ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізіледі

Абай облысында ауыз сумен қамту деңгейі 100%-ға жеткізіледі

Абай облысында су құбырлары желілерін салу және жаңғырту бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Өңір әкімінің орынбасары Димитрий Гариковтың айтуынша, жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы халықты сапалы ауыз сумен қамту көрсеткішін 100%-ға жеткізу жоспарланып отыр.

Бұл туралы спикер Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз маслихатының барысында мәлімдеді.

– Бүгінде облыс тұрғындарын таза ауыз сумен толық қамтамасыз ету – басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта 26 жоба жүзеге асырылады, оның 15-і – өткен жылдан жалғасқан, ал 11-і – жаңадан басталатын нысандар. Аталған жұмыстарға республикалық және жергілікті бюджеттен 2,7 млрд теңге бөлінді, қосымша 4,4 млрд теңге қажет. Қаржы бөлу бойынша тиісті өтінімдер жіберілді, – деді Димитрий Гариков.

Сондай-ақ, әкім орынбасары қолданыстағы су құбырларын жаңарту жұмыстарының да қарқынды жүріп жатқанын атап өтті.

– Қазіргі таңда ескі су құбырларын қайта жаңарту бойынша 14 жоба іске асуда, тағы 22 жобаның құжаттары дайындалды. Төрт жобаны жүзеге асыру үшін 8,6 млрд теңге қарастырылған, ал жаңа жобаларға шамамен 23 млрд теңге қажет, – деп түйіндеді спикер.


#су, #ауыз су