Абай облысында «Бизнес инкубатор» жобасын іске асыру жоспарланып отыр

Абай облысында «Бизнес инкубатор» жобасын іске асыру жоспарланып отыр

«Жастардың волонтерлік бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында Абай облысы волонтерлерінің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыру жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Шығыс Жастары» ҚҚ атқарушы директоры Алиби Абдураимов баяндады,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. 

- Біздің қоғамдық қор 2018 жылдан бастап еліміздегі үкіметтік емес ұйымдарының белсенді бірлестігі ретінде көптеген іс-шараларды іске асырып келеді. Биыл мемлекеттік тапсырыс бойынша басқа да жұмыстарды қолға алудамыз. Олардың ішінде «Ауыл жастарының әлеуетін арттыру» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде «240 сағат ауылда» жобасын іске асыру. Ол 2019 жылы пилоттық жоба ретінде Жаңасемей ауданының Көкентау ауылында жүзеге асты,- деп атап өтті Алиби Абдураимов.

Аталған жобаның басты мақсаты қала жастарын 10 күнге ауыл шаруашылығына икемдеуге арналған тапсырмалар беру. Сондай-ақ, осы әлеуметтік тапсырыс аясында облысымызға қарасты барлық ауылдық елді-мекендердегі ауыл жастарына әртүрлі сала бойынша кеңестер беріп, бағыт көрсетпек. Олардың қатарында Отбасы банк, Атамекен кәсіпкерлер палатасы, Даму, Агрокредит корпорациясы, Мансап орталығы және тағы басқа мекемелердің өкілдері болады. 

- «Жастардың волонтерлік бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында Абай облысы волонтерлерінің бірыңғай электрондық базасын қалыптастыруды жоспарлап отырмыз. Онда аумақтық белгілері негізінде жынысы, жасы, білімі, мобильділігі сынды параметрлер болады. Сол арқылы біз волонтерлер қозғалысын тиімді ұйымдастыра аламыз деген ойдамын. Сонымен қатар, Абай облысының барлық қалалары мен аудандарында кемінде 1500 волонтердің қатысуымен ағаш отырғызу бойынша акциялар ұйымдастырылмақ, - деді спикер.

Қоғамдық қор қала басшылығының қолдауымен «Бизнес инкубатор» жобасын іске асырады. Бизнес инкубатор құрудың негізгі мақсаттары жаңа кәсіпорындарды қолдау, инновацияларды өркендету, жаңа жұмыс орындарын құру, экономикалық өсімге үлес қосу, кәсіпкерлік мәдениетін қалыптастыру, әріптестік және желіні құру, аймақтық дамуды қолдау болып табылады. Қазіргі таңда бизнес инкубатордың орны анықталып, іске асыруға толықтай дайын.


#Абай облысы, #жастар