Абай облысында инженерлік желілердегі апаттар азайды
Абай облысында апаттық қызметтердің жедел жұмысы мен коммуналдық кәсіпорындардың үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде биылғы жылыту маусымы айтарлықтай іркілістерсіз өтуде. Инженерлік желілердегі технологиялық ақаулар саны едәуір қысқарды, ал көмірмен қамтамасыз ету тұрақты деңгейде сақталуда. Бұл туралы Абай облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Жандос Қайырханов баяндады.
– Жылыту маусымы басталғаннан бері өңірде жылумен қамтамасыз ету желілерінде 133 технологиялық ақау тіркелді, бұл өткен күзгі-қысқы кезеңмен салыстырғанда 45%-ға аз. Жылу көздерінде 41 ақау орын алды – бұл өткен маусыммен салыстырғанда 73%-ға төмендеген. Сонымен қатар, электрмен жабдықтау желілерінде 284 апатты ажырату болды, алайда олардың барлығы жедел түрде жойылды, – деді Жандос Қайырханов.
Тағы бір оң өзгеріс – көмір сату пункттерінің кеңеюі. Өткен маусымда олардың саны 12 болса, қазір 16-ға жетті. Олардың қатарына 12 теміржол тұйығы мен жүк көліктері үшін қолайлы кіреберістері және қажетті техникасы бар 4 ірі қойма кіреді.
– Біз күнделікті көмірге деген сұраныс пен оның елді мекендерге жеткізілуін қадағалап отырамыз. 27 наурыздағы жағдай бойынша облыстағы теміржол тұйықтарында 9 мың тоннадан астам көмір қоры бар. Бағасы көмір разрезінен қашықтығына байланысты тоннасына 14,2 мың теңгеден 19,5 мың теңгеге дейін өзгеріп отырады, – деді басқарма басшысы.
Мамандар инженерлік желілердің тұрақты жұмысын және көмірдің уақытылы жеткізілуін бақылауды жалғастыруда.