Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 26 қаралымabaidan.kz

Абай облысында ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды

Абай облысында ірі тау-кен байыту комбинатының құрылысы басталды

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Абай облысына жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында облыс әкімі Берік Уәлимен бірге Аягөз ауданындағы «Aйдарлы» тау-кен байыту комбинатының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.  

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген Н.Нәлібаев бұл жобаның өңір үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлы инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін үнемі атап келеді. Үкімет инвестициялық ахуалды жақсарту, әкімшілік кедергілерді азайту және стратегиялық маңызы бар инвестициялық жобаларды жан-жақты сүйемелдеу бағытындағы жұмыстарды дәйекті түрде жүзеге асырып келеді. Мемлекет пен бизнестің тиімді әріптестігінің нәтижесінде экономикалық өсудің жаңа нүктелері қалыптасып, өңірлердің өнеркәсіптік әлеуеті нығайып, ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артып келеді. Бүгін Үкімет басшысының тапсырмасымен ірі жобаның басталуына арнайы келіп отырмын. Бұл – өте ірі жобалардың бірі. Құны 4,5 млрд АҚШ долларын құрайды. Жоба іске асқан кезде тұрақты 3 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады. Сондықтан бұл тек өңірдің ғана емес, еліміздің тау-кен металлургия саласын дамытуға жаңа серпін беретін ірі жобалардың бірі болмақ. Абай елі өсіп, өркендеп, дами берсін», – деді ол.

Аймақ басшысы құттықтау сөзінде жобаның Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін айтып, инвестиция тарту өңірдің негізгі басымдықтарының бірі екенін жеткізді.

«Бүгін біз Абай облысының ғана емес, еліміздің тау-кен металлургия саласы үшін маңызды оқиғаның куәсі болып отырмыз. «Aidarly Mining» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің мыс кен орнын өнеркәсіптік игеру және тау-кен байыту комбинатын салу жобасы – Қазақстандағы ірі инвестициялық бастамалардың бірі. Бұл өңірдің инвестициялық әлеуетінің тұрақты артып келе жатқанын және инвесторлар үшін қолайлы жағдай қалыптасқанын айқын көрсетеді. Осындай ауқымды бастамалардың қатарын бүгін «Aidarly Mining» жобасы толықтырып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев инвестиция тарту, экономиканы әртараптандыру және жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту жөнінде нақты міндеттер қойған болатын. «Aidarly Mining» жобасы – осы стратегиялық міндеттердің нақты іске асуының жарқын көрінісі. Абай облысының тұрғындары осы кәсіпорында еңбек етіп, жұмыспен қамтылатын болады. Облыс әкімдігі өз тарапынан жобаның уақтылы әрі сапалы іске асырылуына қажетті қолдау көрсетуді жалғастырады. Біз үшін әрбір инвестициялық жоба – жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары және өңір тұрғындарының әл-ауқатын арттырудың нақты кепілі. Бүгін салынатын естелік капсула – болашақ қуатты өндірістің ғана емес, Абай облысының индустриялық дамуының жаңа кезеңінің символы. Осы маңызды жобаның жүзеге асуына үлес қосып жатқан барша азаматтарға алғысымды білдіремін», – деді Берік Уәли.

Кәсіпорын толық қуатына шыққан соң жылына 75 млн тонна кен, 226 мың тонна концентраттағы мыс және 3,55 мың тонна концентраттағы молибден өндіреді деп жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру кезеңінде үш мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Кәсіпорын ел қазынасына 1,43 трлн теңгеден астам салық түсімін әкеледі. Өндіріс алаңында ашық кеніш, ұсақтау кешені, байыту фабрикасы, сондай-ақ, энергетикалық, көліктік және инженерлік инфрақұрылым нысандары бой көтереді. Бұдан бөлек жұмысшылардың жайлы демалысы мен спортпен айналысуына жағдай жасалған вахталық қалашық салынады.

Аталған өндіріс орны өңір экономикасының дамуына серпін беріп, тау-кен металлургия саласының әлеуетін арттыруға, экспорт көлемін ұлғайтуға және Абай облысының инвестициялық тартымдылығын күшейтуге елеулі үлес қоспақ.