Абай облысында «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы өтіп жатыр

Абай облысында «Қаладан – ауылға» өңірлік форумы өтіп жатыр

Облыс әкімі Берік Уәли форумның ашылуында сөйлеген сөзінде Абай облысында «Қаладан – ауылға» атты пилоттық жобаның басталғанын жариялап, мұның ауылдық жерлердің тыныс-тіршілігін жаңғыртуға, кадрлық әлеуетін күшейтуге және жаңа серпін беруге бағытталған бастама екенін айтты.

«Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы мен ауыл әкімдерінің қызметіне арналған диалог-платформасында «Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі, халқымыздың тамыры – ауылда» деп ауылдың жағдайы ел үшін стратегиялық маңызға ие екенін ерекше атап өтті. Жоба аясында ауыл тұрғындарын тұрақтандыру және қаладан ауылға қоныс аударушыларды тарту арқылы демографиялық тепе-теңдікті сақтау, ауылдық елді мекендердегі кадр тапшылығын азайту, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, сондай-ақ «Дипломмен ауылға» бағдарламасын жаңа мазмұнда тиімді іске асыру көзделеді», – деді аймақ басшысы.

Былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында облысқа 1,0 млрд теңге қаражат бөлінді. Қазіргі таңда бағдарлама шеңберінде өңірдегі 10 ауданда қайта өңдеу саласы бағытында 28 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерін қаржыландыру бойынша іс-шаралар атқарылуда.

Биыл «Агроөнеркәсіп кешенінде ірі инвестициялық жобаларды іске асыру» Жол картасы аясында жалпы құны 23,1 млрд теңгені құрайтын  9 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Нәтижесінде агроөнеркәсіп кешеніне тартылатын инвестиция көлемін 78,2 млрд теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда.

Мемлекет басшысының соңғы Жолдауындағы ет өнімдерімен экспорттық әлеуетті арттыруды қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес Жаңасемей ауданындағы «ЕвразияАгроСемей» ЖШС базасында 7,7 млрд теңгеге қуаттылығы жылына 11,4 мың тонна шығарылатын ет комбинаты жобасы іске асырылып жатыр. Ет комбинатының айналасында өндірістік бордақылау алаңдарының қуаттылығын арттырып, толық өндірістік циклді қамтитын ет кластеріне айналмақ.

Облыста қой шаруашылығын дамыту мақсатында Абай облысының қой шаруашылығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған салалық бағдарламасы әзірленуде. Қаржыландыру ағымдағы жылы іске қосылатын «Игілік» бағдарламасы арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Бағдарлама аясында 300 мың бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алу көзделіп отыр. Аталған бағдарламаға республикалық бюджеттен 50 млрд теңге көлемде қаражат бөлу пысықталуда. Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде алдағы 5 жыл ішінде қой саны 1,2 млн бастан 2,3 млн басқа жеткізіледі.

«Бұл өз кезегінде ауылдың халқын тұрақтандырып, жұмыс көздерін ашып, ауылдан көшу үрдісін тоқтатуға  септігін тигізеді. Аталған бағытта «Қаладан ауылға» атты өңіраралық жобаны іске асыруды жоспарлаудамыз. Бүгінгі форум аясында өзара тәжірибе алмасып, озық практикаларды талқылап, тиімді шешімдер ұсынатынымызға сенім білдіремін. Біздің ортақ мақсат – ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту. Ауылды дамыту – ортақ жауапкершілік пен жүйелі жұмысты талап ететін стратегиялық міндет. Бірлесе әрекет етіп, біз ауылдың әлеуетін арттырып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтереміз деп сенеміз», – деді облыс әкімі.

Форумның пленарлық отырысында

Премьер-министрдің кеңесшісі Ералы Тоғжанов, «Аманат» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы, Парламент Мәжілісінің депутаты Нұртай Сабильянов, Парламент Сенатының депутаты Қайрат Тастекеев, Ауыл шаруашылығы министрлігінің мал шаруашылығы департаментін директорының орынбасары Қайрат Көшенов, «Семей» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының төрағасы Мұхтар Әлімханұлы, «Елім-Ай Көкпекті» компаниясының директоры Болат Бекбердинов, «Мәуліт» шаруа қожалығының басшысы Қайырлы Қасенов, «Нарын» өндірістік кооперативінің төрағасы Олжас Шаймарданов сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін жеткізді.


#Абай облысы, #қоғам