Абай облысында

Абай облысында "Кедергісіз келешек" партиялық жобасын іске асыру жалғасуда

Биыл жоспарланған 227 нысанның 207 - і толық бейімделіп, жұмыс көлемінің басым бөлігі орындалған. Бұл жоспардың шамамен 87%-ға орындалғанын көрсетеді. Қалған 20 нысан бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз маслихатында "Абай облысының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасы" ММ басқарма басшысының орынбасары Думанғазы Арғынғазин  мәлімдеді.

-"Кедергісіз келешек" партиялық жобасын іске асыру шеңберінде биыл 227 нысанды бейімдеу жоспарланған. Қазіргі таңда олардың 197-сі кедергісіз ортаға қойылатын талаптарға толық сәйкес келеді. Сонымен қатар, облыста мүгедектігі бар адамдарды тасымалдауға арналған "Инватакси" қызметі 19 автокөлікпен қамтамасыз етілген. Ал 2024 жылы бұл көрсеткішті жақсарту үшін қосымша 4 инватакси сатып алынды, - деп атап өтті Думанғазы Арғынғазин.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы жағдай жасау қазіргі заманғы құрылыс талаптарының маңызды бөлігі. Әр жаңа ғимараттың жобасында инклюзивті орта қалыптастыруға арналған элементтер қарастырылады.

 Қазіргі уақытта барлық нысандарды стандарттарға сай салу міндеттелген. Бұл пандустар, лифттер, тактильді белгілер және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған өзге де инфрақұрылым элементтеріне қатысты талаптарды да қамтиды. Мердігерлерге қойылатын талаптар қатаң, сондықтан бұл ережелерді айналып өту мүмкін емес. Сонымен қатар, аудан басшыларына жергілікті жерлерде құрылыс нысандарының осы стандарттарға сәйкес салынуын мұқият қадағалау туралы нақты нұсқау берілген. Бұл шаралар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған,- деді басқарма басшысының орынбасары.

Думанғазы Арғынғазин Семей қаласының барлық азаматтары үшін кедергісіз орта құрудың жалғасатынын атап өтті. Осы бағытта қол жеткізілген нәтижелерге қарамастан, жұмыс әлі де жалғасуда, және бұл маңызды мақсатқа жету үшін көптеген шаралар қабылдануда. Абай облысында жалпы 24 мыңға жуық мүгедектігі бар  азамат тұрады, оның ішінде 2,9 мың бала бар. Айта өтсек, Өңірде 5 облыстық медициналық-әлеуметтік мекеме жұмыс істейді, оларда 841 төсек-орын бар. Сонымен қатар, қалалар мен аудандарда 4 мыңға жуық адамға қызмет көрсететін 14 аумақтық әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жұмыс істейді. Бұл орталықтар ішінде үйде күтім жасау жағдайында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін 34 бөлімше бар. Осы мекемелер мен бөлімшелер ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қажетті көмек пен қолдау көрсетуде маңызды рөл атқарады.


#Абай облысы