Халықтық Конституцияның күшіне енуімен құттықтаймыз
Қоғам 108 қаралымabaidan.kz

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен кеңейтілген аппараттық кеңес өтіп, мемлекеттік қызмет саласындағы заңнамалық өзгерістер мен өңірдегі эпизоотиялық жағдайды тұрақтандыру мәселелері жан-жақты қаралды. Жиынға қала және аудан әкімдері, облыстық басқармалар мен өңірлік департаменттердің басшылары қатысты.

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

Кеңесте Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнамасына енгізілген өзгерістердің негізгі бағыттары таныстырылды. Сонымен қатар, өңірдегі санитариялық-эпидемиологиялық және ветеринариялық ахуалға қатысты өзекті мәселелер талқыланып, жауапты мекемелердің атқарған жұмыстары сараланды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Абай облысы бойынша департаментінің басшысы Руслан Шарипов, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Нұржан Ноғайбаев және ветеринария басқармасының басшысы Ержан Барышев баяндама жасады.

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

           Кеңесте 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енген «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы» жаңа Заңының негізгі жаңашылдықтарына ерекше назар аударылды. Жаңа құжат мемлекеттік қызмет жүйесін заман талабына сай жетілдіруге, оның тиімділігін арттыруға және азаматтарға көрсетілетін қызметтердің сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

           Заңдағы маңызды өзгерістердің бірі – мемлекеттік қызметтің сервистік моделіне көшу. Бұл тәсіл мемлекеттік органдар қызметінің басты мақсаты ретінде азаматтардың сұранысына жедел әрі сапалы жауап беруді, көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыруды және бюрократиялық рәсімдерді барынша қысқартуды көздейді.

           Сонымен қатар, мемлекеттік аппараттың кәсібилігін арттыру үшін кадрлық процестер толық цифрландырылып, мемлекеттік қызметке қабылдау «е-Қызмет» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Бұл конкурстық іріктеудің ашықтығы мен әділдігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

           Жаңа заңда жастарды мемлекеттік қызметке тарту мәселесіне де басымдық берілген. Осы мақсатта мемлекеттік қызметке дейінгі даярлау институты енгізіліп, болашақ мемлекеттік қызметшілердің кәсіби құзыреттерін дамытуға бағытталған арнайы оқыту жүйесі қарастырылған.

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

           Бұдан бөлек, құжатта мемлекеттік қызметшілердің кәсіби дамуын қолдау, тиімді әрі ашық кадрлық саясат қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу тетіктерін жетілдіру көзделген. Бұл өзгерістер мемлекеттік аппараттың ашықтығын арттырып, қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

           Жиын барысында облыс әкімі Берік Уәли жауапты мемлекеттік органдарға жаңа заң талаптары мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы мемлекеттік қызметшілер арасында кеңінен түсіндіруді, олардың орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, Әдеп кодексінің талаптарын сақтау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы профилактикалық жұмыстарды жандандыру қажеттігін атап өтті.

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

«Бүгінде мемлекеттік қызметтің тиімділігі ең алдымен әрбір мемлекеттік қызметшінің кәсібилігіне, заң талаптарын қатаң сақтауына және қоғам алдындағы жауапкершілігіне байланысты. Жаңа заңнамалық өзгерістер тек жауапкершілікті күшейтуге ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға, азаматтарға бағдарланған мемлекеттік аппарат қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан барлық мемлекеттік органдар қабылданған өзгерістерді сапалы іске асырып, әрбір қызметкерге олардың талаптарын жан-жақты түсіндіруі қажет», – деді облыс әкімі.

            Кеңесте өңірдегі эпизоотиялық жағдай да кеңінен талқыланды. Жауапты сала басшылары ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, жұқпалы аурулардың алдын алу және өңірдегі эпизоотиялық тұрақтылықты сақтау бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы есеп берді.

            Жиын қорытындысында облыс әкімі барлық жауапты мемлекеттік органдарға заңнамалық өзгерістерді тиімді іске асыруды, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруды және ветеринариялық қауіпсіздік мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.

Абай облысында мемлекеттік қызметті жетілдіру және эпизоотиялық ахуал талқыланды

Облыс әкімі ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті екенін атап өтті.

«Бұл мәселелердің барлығы тек ветеринария немесе санитариялық қызметтің ғана міндеті емес. Әрбір аудан мен қала әкімдігі, салалық басқармалар мен аумақтық органдар өз құзыреті шегінде нақты нәтижеге бағытталған жұмысты қамтамасыз етуі тиіс», – деді аймақ басшысы.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі құтыруға қарсы профилактикалық және эпизоотияға қарсы іс-шараларды күшейтуді, ауыл шаруашылығы және үй жануарларын вакцинациялау жұмыстарын толық орындауды, ветеринариялық-санитариялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, вакцина мен қажетті медициналық препараттар қорын тұрақты бақылауда ұстауды, халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді, жабайы жануарлар санына мониторингті жалғастыруды, қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүйелі ұйымдастыруды және оларды уақытша ұстау пункттері мен панажайлар құру бойынша нақты шаралар қабылдауды міндеттеді.

 

Ақпарат Абай облысы әкімінің баспасөз қызыметінен алынды