Абай облысында мемлекеттік қызметкерлер қатарына жастарды тарту жоспарланып отыр

Абай облысында мемлекеттік қызметкерлер қатарына жастарды тарту жоспарланып отыр

Абай облысы әкімінің аппараты мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды,-деп хабарлайды  abaidan.kz агенттігі Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Меморандум аясында академияның профессор-оқытушылары әкімшілік қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, қайта даярлауға көмек көрсетеді. Білім беру, ғылыми-зерттеу бағдарламалары бірлесе жүзеге асырылады.
Тараптар ғылыми зерттеулердің басым бағыттары бойынша заманауи технологиялар мен әдістерді әзірлеу және енгізу саласында тәжірибе алмасады. Тараптардың келісімімен жеке шақыру негізінде тағылымдаманың ғылыми және басқа да түрлерін, сондай-ақ мүмкіндік болған жағдайда білім алушылардың практикасының барлық түрлерін жүзеге асырады. Сонымен қатар, академиямен бірлесіп симпозиумдар, конференциялар, семинарлар, дөңгелек үстелдер және тағы басқа да шаралар ұйымдастырылып, магистранттар мен докторанттарға ғылыми консультация берілетін болады. Бұл бастама өңірдің дамуына елеулі үлес қосады. Әсіресе, Абай облысының мемлекеттік қызметкерлері қатарына жастарды тартуға септігін тигізеді. 

Естеріңізге сала кетейік, академияның филиалы Семей политехникалық колледжінің ғимаратында орналасқан.


#Абай облысы