Абай облысында өрт қауіпсіздігі, интернет-алаяқтық және тапсырмалардың орындалуы талқыланды

Абай облысында өрт қауіпсіздігі, интернет-алаяқтық және тапсырмалардың орындалуы талқыланды

Абай облысының әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен  кеңейтілген аппараттық кеңесте адам көп жиналатын орындардағы өрт қауіпсіздігі, интернет-алаяқтыққа қарсы күрес шаралары және Мемлекет басшысы мен Үкіметтің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Кеңеске облыстық басқарма басшылары, өңірлік департамент жетекшілері қатысты. Ал аудан және қала әкімдері жиынға бейнережим арқылы қосылды.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Манарбек Шапағатов, облыстық Полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Дәурен Әлімбаев және облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Гүлнұр Асылбекова баяндама жасады.

Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өңірде адамдар көп жиналатын 764 нысан бар. Оның 359-ы Семей қаласында орналасқан. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 336 нысанда профилактикалық бақылау жүргізу жоспарланып отыр.

Облыс әкімі департаментке аудан және қала әкімдерімен бірлесіп ірі ойын-сауық орындары мен адамдар көп шоғырланатын жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру бойынша рейдтік шаралар жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында өрт кезіндегі іс-қимыл алгоритмдері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, оқу-жаттығулар өткізуді міндеттеді.

«Өрт қауіпсіздігі мәселесін қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл тек кәсіпкерлік, сауда және ойын-сауық нысандарына қатысты емес. Семей қаласындағы ойын-сауық орталығында болған жағдай бізге сабақ болуы тиіс. Адамдардың денсаулығы мен өмірі, оның ішінде балалардың қауіпсіздігі басты назарда болуы керек», – деді аймақ басшысы.

Жиында интернет-алаяқтық мәселесі де қаралды. Қоғамның цифрлануына байланысты бұл қылмыс түрі соңғы жылдары қарқынды өсіп келеді. Былтыр Абай облысы аумағында 1364 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47,5 пайызға көп. Оның 1092-сі Семей қаласында болған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қылмыстарды ашу деңгейі 8,9 пайыздан 17,3 пайызға дейін артты. Барлығы 142 эпизодқа қатысы бар 14 ұйымдасқан топ ұсталып, алаяқтардың SIM-бокс құрылғылары тәркіленді. Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі іске қосқан «Антифрод-орталығы» жүйесі арқылы 1680 күмәнді операция тіркеліп, шамамен 30 млн теңге бұғатталды. Оның 20 млн теңгесі азаматтарға қайтарылған. Сонымен қатар «BLURE», «IRIS», «SHADOWFINDER» талдау жүйелері қолданылып, 35 интернет-алаяқтық фактісі ашылды.

Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында облыста 188 интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Қылмыстың алдын алу мақсатында интернет-ресурстарды бұғаттау, фрод-қоңырауларды анықтау және халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Аймақ басшысы Ішкі саясат басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ Полиция департаментіне интернет-алаяқтықтың алдын алу бағдарламаларын сатып алу мәселесін пысықтауды жүктеді.

Сонымен қатар кеңесте білім беру саласындағы инфрақұрылымдық жобалар да айтылды. Президент тапсырмасына сәйкес облыс мектептеріндегі оқушы орындарының тапшылығын азайту бағытында жұмыстар жүргізілуде. Былтыр «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында өңірде төрт мектеп пайдалануға берілді, қазіргі уақытта тағы бір білім беру нысанының құрылысы жалғасуда. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Семей қаласында жаңа көпірдің құрылысы жүргізіліп жатыр. Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы, Премьер-министр және Президент әкімшілігі басшысының тапсырмаларының сапалы орындалуы қатаң бақылауда болатынын атап өтті.

Сондай-ақ қала және аудан әкімдеріне көктемгі тасқынның алдын алу шараларын күшейту тапсырылды. Аймақ басшысы су деңгейін күнделікті бақылап, қар тазалау және еріген қар суын сору жұмыстарын жандандыруды міндеттеді.


#Абай облысы, #ТЖД