Абай облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту жұмысы жүргізілуде

Абай облысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын дамыту жұмысы жүргізілуде

Облыста 37,9 шақырым жылу желілерін салу, қайта жаңғырту және жөндеу жұмысы қарқынды жүргізілуде. Биыл жылу желілерінің тозуын 64,2%-дан 59,7%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретін 27,5 шақырым желілер мен 17 жылу көздерібойынша жұмыс аяқталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев айтты.

Облыс орталығы Семей қаласының оң жағалауында 146,99 Гкал көлемінде жылу энергиясының тапшылығы бар. Мәселені шешу үшін жаңа жылу электр орталығын салу қажет. Бұл жобамен облыс әкімдігі, «Самұрық-Энерго» АҚ өкілдері мен жобалаушылардан құралған жұмыс тобы айналысуда. Сол жағалаудағы Степной кентінің маңында құрылыс салу үшін жер таңдалып, күл төгу орны да анықталды.

 

Семей қаласының «Қарағайлы» шағын ауданында қуаты сағатына 21,5 Гкал болатын блок-модульдік қазандық салынып жатыр. Нысанды ағымдағы жылдың қараша айында аяқтау жоспарланған. Бұл жаңа аудандағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысының халықты 100 пайыз таза ауыз сумен қамтамасыз ету тапсырмасын орындау мақсатында облыста су құбыры желілерін тарту жұмысы жүргізілуде. Ағымдағы жылы жоспарланған 53 жобаның 24-і аяқталып, халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 96,6 пайызға дейін жетеді.

 

Өңірді дамытудың кешенді жоспары аясында Семей қаласында қалдықтарды сұрыптау желісі бар заманауи тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысы басталады. Сондай-ақ Семей қаласындағы автогуж көпірін қайта жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда, оның аяқталуы 2025 жылға жоспарланған.