Абай облысында «Жасыл ел» еңбек жасағы алғашқы маусымының жабылу салтанаты өтті
Абай облысында «Жасыл ел» еңбек жасағы алғашқы маусымының жабылу салтанаты өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі Абай облысының өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап. Биыл шара Жарма ауданының Қалбатау ауылында өтті. Оған Жарма ауданы жастарының 2023 жылғы маусымдағы ерекше белсенділігі себеп болғған. «Абай Жастары» жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткізілген салтанатты шараға Абай облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Айдар Садырбаев қатысты.
«Бүгін міне Жарма ауданының төрінде үлкен шараның басында жиналып отырмыз. Ондағы мақсат - жаз бойы табан үзбей, маңдай терілерімен еліміздің дамуына, көгалдануына, өсіп өркендеуіне мейлінше үлес қосқан жастарымызды ұлықтау, марапаттау. Жемісті еңбектеріңіз үшін алғыс білдіремін», - деді Айдар Садырбаев.
Басқарма басшысы салтанатты жиында қалалар мен аудандардан келген бірқатар өкілдерге облыс әкімінің алғыс хатымен және бағалы сыйлықтармды табыстады.
Сондай-ақ, «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтарының алғашқы еңбек маусымындағы эко челленджге белсенді қатысқан аудандар және «Үздік сарбаз», «Үздік жасақ командирі», «Үздік акция», «Үздік іс-шара» және тағы басқа да номинациялар бойынша жеңімпаздар марапатталды.
Алғашқы маусымның нәтижесі бойынша «Үздік аудан» аталымын – Абай ауданы, «Үздік қала» аталымын – Курчатов қаласы және «Үздік штаб» аталымын Үржар ауданының сарбаздары иеленді.
Жалпы, «Жасыл ел» бағдарламасы аясында биыл өңірде 700-ге жуық жас жұмысқа орналастырылды.
Салтанатты жиын мәдениет саласы үздіктерінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.