Абай облысында жазғы кәсіптік бағдар беру лагерьлері жұмыс істейді
Абай облысында жаз мезгілінде 10 колледж базасында кәсіптік бағдар беру лагерьлері жұмыс істейді. Жобамен 500-ге жуық оқушы қамтылады. Лагерьлерде оқушылар нақты мамандықтар бойынша тәжірибе жинақтап, пайдалы дағдыларды меңгереді.

Бесқарағай колледжінде алғаш рет «ЭКОorman» аграрлық-экологиялық лагері ашылды. Ландшафтық дизайн, жылыжай ісі, флористика және ауыл шаруашылығын механикаландыру бағыттары қамтылған.

IT және жаңа технологиялар жоғары колледжіндегі «SmartKriS» лагерінде робототехника, бағдарламалау, веб-дизайн және интернет заттары бағытында сабақтар өтеді.
Политехникалық колледждегі «Summer Camp» шығармашылық лагерінде оқушылар тігін, аспаздық шеберлікке машықтанады, бұйымдар жасап, көрмеге қояды.

Үржар колледжінде «Үржар-Айым» лагері ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы, дәнекерлеу, ветеринария және аспаздық бағыттарында оқыту жүргізілуде.

Семей қаржы-экономикалық колледжінің SFEK Summer Camp бағдарламасында веб-даму, графикалық дизайн, мобилография және бухгалтерлік есеп негіздері үйретіледі.

Шәкәрім жоғары колледжіндегі «Толағай» лагерінде экология, ұлттық мәдениет және денсаулық сақтау тақырыптарында сабақтар өтуде. Электротехникалық колледж базасындағы IT лагерінде оқушылар стартап жобалармен жұмыс істеп, хакатондарға бейімделеді.
Аталған лагерьлер оқушылардың болашақ мамандығын саналы таңдауға және кәсіби бағдар алуға мүмкіндік береді.
#Абай облысы, #балалар, #демалыс