Абай облысында жыл басынан 179 жас жұмыспен қамтылған

Абай облысында жыл басынан 179 жас жұмыспен қамтылған

Абай облысында 1908 жасты субсидияланатын жұмыс орындарына тарту көзделген. Бұл туралы облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтылды,- деп хабарлайды abaidan.kz тілшісі. Жиында «Абай жастары» облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айдос Төлеуханов «Абай облысында мемлекеттік жастар саясатының орындалуы» тақырыбында баяндама жасады.  

Оның айтуынша, 2022 жылы ресми құрылған жастар ресурстық орталығы 8 ай ішінде бірқатар елеулі жұмыстар атқарған. Облыста жалпы саны 11 жастар орталығы жастардың әлеуметтік және тұлғалық дамуына қызмет көрсетуде. 

Ағымдағы жылдан бастап облыстық деңгейде ұйымдастырылған іс-шаралар 2000-ға жуық жасты қамтыған. Атап айтар болсақ  «Наурыз FEST» фестивалі, Аягөз ауданында өткен «Қозы  Көрпеш-Баян Сұлу» байқауы, республикалық «Abai CUP» пікірсайыс турнирлері біршама жастың қоғамдық өмірге етене араласуына өз септігін тигізген. 

Жыл басынан бері жастарды жұмыспен  қамту мақсатында 83 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылған. Жәрмеңкеге 1196 жас қатысып, оның 179-ы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында ағымдағы жылы 1,05 млрд теңгеге 2,5% - дан 211 микрокредит беру жоспарланған. Дәл қазіргі уақытта 152 өтінім қарастырылып, 126 жоба мақұлданған.

Биыл облыста 1908 жасты субсидияланатын жұмыс орындарына тарту көзделген. Қазіргі күні жоспарға сай қоғамдық жұмыстарға – 850, жастар практикасына – 799, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 239, «Ұрпақтар келісімшарты» жобасына – 20 жас орналасқан.

Орталық NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге баса назар аударуда. Өңірдегі NEET санатындағы жастардың статистикасын нақтылау мақсатында арнайы сайт пен мобильды қосымша әзірленген.  Нәтижесінде  облыс бойынша 35 жасқа дейінгі 9143 адам базаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілген.

«Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 2023 жылға бір адамға 345 мың теңге көлемінде көтерме жәрдемақы, 5 175 000 теңгеден аспайтын соммада тұрғын үй сатып алуға арналған несие беріледі. Бағдарлама аясында жалпы сомасы 656 190 теңгеге 418 маманды қамтамасыз ету қарастырылған. Сондай-ақ жас буынды қоғамдық пайдалы еңбекке үйрету мақсатында «Жасыл ел» бағдарламасы аясында 1000 адамды жұмыспен қамту жобасы дайындалып, оған 67,2 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген.Бүгінгі  күні бағдарламаның жаңа маусымы жұмыс жасауда, 397 сарбаз жұмыспен қамтылған.

12 тамыз – халықаралық жастар күні. Аталған мерекеге орай өңір бойынша 30-ға жуық іс-шара жоспарын бекітілген. Айтулы күнде қаламыздағы орталық алаңда әртүрлі форматтағы тренингтер, спорттық сайыстар мен мерекелік кештер ұйымдастырылмақ.


#Семей, #Абай облысы, #жастар, #Жасыл ел, #NEET