Семей вокзалы жаңғырады: Берік Уәли құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды

Семей вокзалы жаңғырады: Берік Уәли құрылыс қарқынын жеделдетуді тапсырды

Бүгін облыс әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстарының барысымен танысты, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі Абай облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Қазір облыста 10 теміржол вокзалы жаңғыртылып жатыр. Оның қатарында Семей, Аягөз, Шар, Ақтоғай, Жалаңашкөл, Дегелең, Үшбиік, Жарма, Белағаш және Ауыл станциялары бар. Семей теміржол вокзалы 1915 жылы салынған. Нысанды қайта жаңғыртудың болжамды құны 5,7 млрд теңгені құрайды.

 Жөндеуден кейін вокзалдың жалпы аумағы 3 мыңнан 4,7 мың шаршы метрге дейін ұлғаяды. Қазір нысанда су құбыры мен кәріз желілерін жүргізу жұмыстары аяқталған. Шатыр жабу және ішкі қалқаларды орнату жұмыстары атқарылуда. Нысанда 32 жұмысшы мен 3 арнайы техника жұмылдырылған. Жөндеу кезеңінде жолаушыларға қызмет көрсету үшін вокзал ғимаратының жанынан уақытша күту орны ұйымдастырылған. Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Аймақ басшысы вокзалдың қала инфрақұрылымындағы маңызына тоқталып, құрылыс сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстауды тапсырды.

«Облыс көлемінде жаңғыртылып жатқан вокзалдар — Президенттің тікелей бақылауындағы құрылыс нысандары. Сол себепті жұмыстарды мерзімінен бұрын, қар жауғанға дейін бітіру керек. «Белгіленген кесте бойынша жылдың аяғы» деп созбаңыздар. Халықты далада тоңдыруға болмайды» - деді Берік Уәли.

Айта кетейік, вокзал ғимаратынан бөлек, сол аумақтағы жаяу жүргіншілер көпірі мен темір жолдар да қайта жаңғыртылатын болады.


#Семей, #Абай облысы, #темір жол