Абай облысында жылу желілерін жаңарту бойынша ірі жобалар жүзеге асуда
Абай облысында жылумен жабдықтау жүйесін жаңғырту және тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтылды. Жиынға Абай облысы энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Раджан Сейтқанов пен Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаев қатысты.
-Қазіргі таңда облыс бойынша орталықтандырылған жылумен қамту жүйесіне 3 қала мен бірқатар аудандар қосылған. Жалпы өңірде 10 кәсіпорынға тиесілі 46 жылу көзі мен 183 қазандық агрегаты жұмыс істейді. Жылу желілерінің ұзындығы 408,2 шақырымды құраса, олардың тозу деңгейі 55,6%-ды көрсетіп отыр. Ал Семей қаласының өзінде бұл көрсеткіш 325,5 шақырым және тозу деңгейі 58,2%-ды құрайды,-деді басқарам басшысы.

Спикердің айтуынша, 2025–2026 жылғы жылыту маусымына дайындық аясында жалпы сомасы 12,6 млрд теңгеге 23 жылу көзі мен 22 шақырым жылу желілері жөнделген. Қаржыландыру көздері:
Үкімет резерві – 3,8 млрд теңге
Облыстық бюджет – 5,1 млрд теңге
Республикалық бюджет – 500 млн теңге
Ұлттық қор – 3,3 млрд теңге
Сонымен қатар, 884 млн теңгеге 80 автономды қазандықта жөндеу жұмыстары жүргізілген. Оның ішінде:
Білім беру нысандары – 612,7 млн теңге
Денсаулық сақтау нысандары – 245,5 млн теңге
Әлеуметтік қорғау нысандары – 25,6 млн теңге
Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 59,3%-дан 55,6%-ға дейін төмендеді.
Семей қаласында 12 жылу көзі жаңғыртылып, 13,6 шақырым жылу желісі толық ауыстырылды.Аягөз қаласында «Орталық» қазандығы жаңартылып, оның қуаты айтарлықтай артты. Нәтижесінде жылу энергиясының профициті 17,7 Гкал/сағ болды. Сонымен қатар, 3,9 шақырым жылу желісі ауыстырылды. Курчатов қаласы мен бірнеше ауданда да жөндеу жұмыстары жүргізілді,-деді Раджан Сейтқанов.
Алдағы кезеңде облыста 15 млрд теңгеге 5 ірі жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар жылу қуатын арттырып, желілердің тозуын азайтуға бағытталған.
Семей қаласында:
6,6 млрд теңгеге 13,2 км жылу желісі жаңғыртылады
5 млрд теңгеге 13 жылу көзі мен 13,4 км желіде жөндеу жұмыстары жүргізіледі
Облыста алғаш рет Семей қаласын жаз мезгілінде ыстық сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Жоба аясында 4 негізгі жылу көзінен ыстық су беріліп:
- 600 көпқабатты тұрғын үй
- 40 мыңнан астам абонент қамтылады
Жалпы қалада 1588 көпқабатты үй болса, оның 1317-сі орталықтандырылған жылуға қосылған.
2026 жылдың жазында жүргізілетін жөндеу жұмыстарына байланысты 97 үйдегі 7,5 мыңнан астам абонент уақытша ыстық сусыз қалады. Бұл әртүрлі қазандықтар мен жылу желілеріндегі жаңғырту жұмыстарына байланысты. Атап айтқанда, «35 квартал», ЖЭО-1, «МЭН» және басқа да қазандықтарда ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Бірқатар көшелер мен тұрғын үйлер уақытша ыстық су жүйесінен ажыратылады,-деді Раджан Қайырқанұлы.

Семей қаласының әкімі Әділет Қожанбаевтың айтуынша, жылумен қамту 21 қазандық және ТЭЦ-1 арқылы жүзеге асырылады. Жүйеде 76 орталық жылу пункті және 96 қазан агрегаты жұмыс істейді. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы 346,7 шақырымды құрайды.
Нормативтік көмір қоры 10 тәулікке 25,8 мың тоннаны құрайды. Бүгінгі күні жалпы 402 мың тоннадан астам көмір жеткізілді, қазіргі қалдық көлемі шамамен 17,7 мың тоннаны құрайды. Көмір сатып алуға бюджеттен 764 миллион теңгеден астам қаражат бөлінді. Жылыту маусымы барысында барлық жылу көздері штаттық режимде жұмыс істеді. Жылу желілері мен жабдықтарда орын алған технологиялық бұзушылықтар жергілікті сипатта болып, нормативтік мерзімдерде жойылды. Ағымдағы маусымда жылу беру жүйесінде 141 технологиялық бұзушылық тіркелді. Жылумен жабдықтау жүйесінде апаттылық деңгейі өткен жылыту маусымымен салыстырғанда 15,8%-ға төмендеді. Қаладағы жылумен жабдықтау жүйесі тұрақты жұмыс істеп, жылыту маусымы қалыпты жағдайда өтті деп айтуға толық негіз бар,-деді шаһар басшысы.
Жалпы алғанда, Абай облысында жылу жүйесін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңмен жүзеге асырылып жатыр. Мемлекеттік қолдаудың нәтижеінде инфрақұрылымның тозуы азайып, тұрғындарды сапалы әрі тұрақты жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік артуда.
Алдағы жобалар толық іске асқан жағдайда, өңірдегі жылумен қамту жүйесі жаңа деңгейге көтеріледі деп күтілуде.
#Семей, #Абай облысы, #жылу маусымы, #ыстық су