Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан

Абай облысындағы автожолдарда 127 жылыту пункті орналасқан

Қысқы кезеңде ауа райының және жол жағдайының күрделенуіне байланысты Абай облысының полиция бөлімшелері жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу және автомобиль жолдарында төтенше жағдайлардың туындауына жол бермеу мақсатында қосымша кешенді шараларды жүзеге асыруда. Бұл туралы Абай облысы Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бақытбек Сыдықбаев баяндады.

- Патрульдік полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен және қызметтермен бірлесіп, тәулік бойы автожолдардың жай-күйіне мониторинг жүргізіп, жүргізушілердің белгіленген қауіпсіздік талаптарын сақтауын бақылауда. Қолайсыз ауа райы жағдайларында көлік колонналары мен жеке автокөлік құралдарын алып жүру ұйымдастырылды. Есепті кезеңде барлығы 1 914 көлік құралы сүйемелденді, оның ішінде 626 жеңіл автокөлік, 1 278 жүк көлігі және 10 автобус. Бұл шаралар күрделі жол учаскелерінде қауіпсіз әрі үздіксіз қозғалысты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар, Абай облысы Төтенше жағдайларды жою басқармасының бастығы  Алмас Сүлейменовтің айтуынша,  қыс мезгілінің басынан бері облыста ауа райының қолайсыздығына байланысты 49 рет дауылды ескерту жарияланып, 19 рет республикалық және 22 рет облыстық маңызы бар автожолдар жабылды.

- Халықты хабардар ету үшін 231 СМС-хабарлама және «Дармен» мобильдік қосымшасы арқылы 76 хабарлама жолданды. 2025 жылғы 15 желтоқсандағы жағдай бойынша құтқару бөлімшелері 6 авариялық-құтқару жұмысын жүргізіп, 4 адам құтқарылып, 2 адам (оның ішінде 1 бала) қауіпсіз жерге көшірілді, қар құрсауынан 3 автокөлік шығарылды. Қозғалысқа шектеу енгізілуіне байланысты 13 автокөлік жылыту пункттеріне дейін сүйемелденіп, 8 жылыту пунктіне 134 адам, оның ішінде 17 бала орналастырылды. АҚЖ жүргізуге барлығы 63 адам және 60 бірлік техника жұмылдырылды, - деді Алмас Сүлейменов.  

Жалпы облыс аумағында эвакуациялау және жедел ден қою үшін 2 285 жеке құрам мен 888 бірлік техника дайындықта тұр. Жоғары өтімді техника қауіпті аймақтарға қайта бөлініп, «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы кезекшілікте. Сонымен қатар, автожолдарда 127 жылыту пункті анықталған, ал шұғыл медициналық көмек көрсету үшін 3 трассалық медициналық-құтқару пункті толық дайындықта.


#Абай облысы, #жол, #автокөлік