Абай облысындағы «Омбы-Майқапшағай» тас жолының құрылысы биыл да аяқталатын түрі жоқ.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері, «Биыл қысқа дейін «Қалбатау-Көкпекті» аралығына асфаль төсейміз»- деп уәде еткен. Алайда айтқандары іске аспайтын сыңайлы, деп хабарлайды abaidan.kz АА "Қазақстан" Ұлттық арнасына сілтеме жасап.
Қазір аталған аралықта жол құрылысы өте баяу жүріп жатыр.
-Бейнетін көресің. Машинадан сау тамтық қалмады. Бір жүріп өтсең сынып қалады. 350 шақырымды, 7-8 сағатта жүріп өтесіз. Мына жол жасап жатқан техникалардың тұрғандары көп. Жүріп жүргендері бірең-сараң. Жол жөндеп жатқанын көрмейсің- дейді көлік жүргізуші, Бекен Нарбол.
Ақсуат, Тарбағатай, Көкпекті мен Зайсан аудандары халқының Семеймен қатынауы нағыз сынаққа айналған. Шаңы аспанға көтеріліп, ойдым-ойдым болған айналма жолмен жүріп қажыған жұрт, «жаңа жолмен жүреміз» дегенге сенуден қалған.
- Жетінші жылға кетті бітіреміз дегенге. Ұят өзі. Айқайлай-айқайлай, қасқырдан да ұят болды. Өалық бейнетін көріп болды әбден. Біздің қолдан не келеді. Құр айтамыз-айтамыз. Осы жаман жолмен жүріп жүрміз амалсыз-дейді Тассай ауылының тұрғыны, Есбол Сыдықов.
- Біз қонаққа келе жатырымыз. Қытай елінен келе жатырмыз. Шаршап келе жатырмыз. Жол өте жаман екен. Мынандай біз әдетте жайлауларға, ауылдарға баратын жолдар осындай. Сұмдық екен- дейді Қытай Халық Республикасының азаматы, Тұрсынқан Әбілғазы.
«ҚазАвтоЖол» компаниясының мамандары болса, «шама келгенше қолда бар күшті жұмылдырып жатырмыз» -деп тағы ақталып отыр. Айтуларынша жұмыстың баяу жүруіне құрылыс матералдарының қымбаттауы себеп. Әрі кететін шығынға қайта түзетулер енгізіліп жатқан көрінеді.
-Қыс түскенше айналма жолмен емес негізгі жолмен жүруге жағдай жасауға тырысамыз. Ал толықтай асфальтты 2024 жылы төсеп бітеміз деп ойлаймыз. Қазір Көкпекті бағытында жұмыс жүруде. Жау-шашын да бөгет. Сондықтан үлгергенімізше жолды салып жатырмыз-дейді, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ Абай облыстық филиаланың директорының орынбасары, Нұрбек Темірханов.
Күре жол құрылысының сағызша созылуы, халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына да кері әсерін тигізіп отыр. Ауылдарда азық-түлік құны шарықтап, кейбір елді мекендерде жанармай қымбаттап кеткен. «Омбы-Майқапшағай» тас жолын толық жаңғыртуға бастапқыда 159 миллиард теңге бөлінген болтын. Бес жыл ішінде жол құрылысымен айналысқан 3 бірдей ірі отандық компания жұмыстан шеттетіліп, қылмыстық іс қозғалған.
#Абай облысы, #жол, #ҚазАвтоЖол