Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі қаралды

Абай облысындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі қаралды

Облыс әкімі Берік Уәлидің төрағалығымен өткен кеңейтілген аппараттық кеңесте өңір аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің жай-күйі мен оларды қорғау шаралары талқыланды. Күн тәртібіндегі мәселе бойынша мәдениет, тілдерді дамыту және архив істері басқармасының басшысы Жанжігіт Омархан баяндады.

Бүгінде Абай облысының мемлекеттік тізіміне 417 тарихи-мәдени ескерткіш енгізілген. Оның 404-і – жергілікті, 13-і – республикалық маңызы бар нысандар. Ескерткіштер қала құрылысы мен сәулет, монументалды өнер, археология, сакралды және кешенді ансамбльдер санаттарын қамтиды. 2025 жылы тарихи-мәдени мұраны қорғау мәселелері бойынша облыстық комиссияның 6 отырысы өткізіліп, бірқатар нысанды алдын ала есепке алу, мемлекеттік тізімге енгізу және ғылыми-реставрациялық жұмыстарды бекіту жөнінде шешімдер қабылданды.

Облыста бірнеше маңызды ғылыми-реставрациялық жоба жүзеге асырылды. Семей қаласындағы бұрынғы көпес Мусиннің диірмені ғимараты Pana Unique Semey қонақ үй кешені ретінде жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар В.Чернышевский атындағы №1 мектеп, Губернатор үйі, қос мұнаралы мешіт, көпес Сахно үйі және Ф.Достоевский атындағы әдеби-мемориалдық музей ғимараттарында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Кейбірінде жаңғырту жұмысы жалғасуда. Археология саласында Ақсуат ауданындағы Елеке Сазы алқабында қазба жұмыстары қолға алынып, ерте темір дәуіріне жататын бірқатар құнды артефакт табылып, музей қорына тапсырылды.

Аймақ басшысы жиында құнды  көшірмелерін музейлерге орналастыру, археологиялық зерттеулерді жүйелі жалғастыру, сондай-ақ, тұрғындар арасында тарихи мұраны қорғауға қатысты түсіндіру жұмыстарын күшейтуге байланысты нақты тапсырмалар берді.

«Облыс аумағында орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштер – халықтың рухани мұрасын, ұлттың тарихы мен мәдени дамуын айқындайтын аса маңызды құндылықтар. Аймақтың туристік әлеуетін арттыруға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі екені сөзсіз. Сондықтан олардың сақталуын тұрақты түрде бақылау, техникалық жай-күйін бағалап, ғылыми негізде қалпына келтіру – біздің ортақ міндетіміз», – деді облыс әкімі.


#Абай облысы, #ескерткіш, #мәдениет