Абай облысындағы жер сілкінісінен кейін тасжолдар тексерілді

Абай облысындағы жер сілкінісінен кейін тасжолдар тексерілді

Абай облысының аумағында болған жер сілкінісі туралы  ақпаратқа байланысты жолшылар ықтималды әсер ету аймағындағы инфрақұрылымның жай-күйін шұғыл тексеріп шықты. Бұл туралы "ҚазАвтоЖолдың" Telegram-дағы арнасында жарияланды. Ұлттық оператор өкілдерінің хабары бойынша, жасанды құрылыстарға еш зақым келмеген. "ҚАЖ-Сервис" өкілдері Зайсан көлі ауданындағы жасанды құрылыстарды Көкпекті ауылынан бастап Шығыс Қазақстан облысының шекарасына дейін тексерді. Сондай-ақ, "Омбы-Майқапшағай" республикалық маңызы бар автомобиль жолының 1005-1090 км және"Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғас" автожолының 793-941 км учаскелері қаралды", - делінген хабарда. Жасанды құрылыстарды аралау және тексеру нәтижесінде ақаулар мен қираулар анықталған жоқ. Айта кетейік, бүгін таңертең Зайсан көлінің маңында Абай облысында жер сілкінісі болғаны хабарланған еді. Магнитудасы 4.1 болатын орташа жер сілкінісі Семейден 120 шақырым жерде болды, деп хабарлайды Volcano Discovery порталы. Эпицентрі 10 км тереңде болды. Жойқын салдары жоқ. 


#Семей, #Абай облысы