Абай облысының әкімі тұрғындарды өңірдің алдағы даму жоспарымен таныстырды

Абай облысының әкімі тұрғындарды өңірдің алдағы даму жоспарымен таныстырды

Облыс әкімі Берік Уәли Семейдегі Абай театрында тұрғындарды өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспарымен таныстырды.,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.  Жиынға  депуттаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік, бизнес саласының өкілдері, құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты. Маңызды шара тікелей эфирде ютуб арқылы көрсетілді.

Аймақ басшысы жиынды ашқан сөзінде Президенттің Абай облысын құру туралы шешімі болашақты меңзеген маңызды қадам екендігіне тоқталды.

«Облыс құрылған сәттен бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Өздеріңізге белгілі, биыл біз Абай Құнанбайұлының 180 жылдық іс-шарасын атап өтеміз. Үкімет бұл бағыттағы көптеген жұмыстарды қолға алып жатыр. Іс-шараға дайындықты қазірден бастадық, жоғары деңгейде өткізуге атсалысу облысымыздың әрбір тұрғынының міндеті деп білемін», - деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы облыс әкімі ретінде қызметке кіріскен үш ай уақыт аралығында өңірдің барлық аудан, қалаларын, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласында, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдарында, жалпы саны 68 елді мекенде болып, тұрғындардың тыныс тіршілігімен, өзекті мәселелерімен танысқандығын айтты.   

«Біз облыстың транзиттік әлеуетін және географиялық ерекшеліктерін ескере отырып, алдағы үш жылға даму жоспарын айқындап, дамудың негізгі бағыттарын белгіледік. Өңірдің өндірістік, ет, сүт кластерін құру мен суармалы егіншілік әлеуетін арттыруға, ішкі туризмді, әлеуметтік саланы дамытуға, жол және инфрақұрылым жүйелерін жаңартуға басымдық беріледі», - деді облыс әкімі.

Берік Уәлиұлы өңірдің алдағы жылдардағы даму жоспары туралы баяндамасында аймаққа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды.

Айтуынша, 2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. 8 мың жаңа жұмыс орны ашу көзделіп отыр. Биыл 10 миллиард теңгеге «СемАз» ЖШС өнеркәсіптік алаңдары кеңейтіліп, жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желі жаңартылады. «Казполиграф» ЖШС жылына қуаттылығы 40 миллион дана қағаз бен картон бұйымдары өндірісін іске қосады.
Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында «Өндіріс» индустриялық аймағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұлғайтылады. 
Аймақ басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан астам шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Енді облыс Ресей және Қытаймен сауда байланысын кеңейтуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ, инвесторлармен жұмысты күшейту мақсатында Семейде «Инвесторлар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәтижесінде 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 547 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.

«Алдағы аптада Қытайға іссапарға шығып, 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларына инвестициялық және өңірдің кәсіпкерлерінің өнімдерін сату бойынша 15 меморандумдарға қол қоятын боламыз. Өңірдің дамуына инвестиция тарту – әрбір деңгейдегі әкімнің міндеті. Осыған орай Семей қаласында инвесторларға сүйемелдеу қызметін көрсететін «Инвесторлар үйі» ашылады», - деді аймақ басшысы. 

Облыс әкімі ауыл шаруашылық саласындағы жобаларға да тоқталды. Биыл облыста ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 486 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103 пайызды құраған. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, республика бойынша 3-орында тұр. 

Өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың 2028 жылға дейінгі моделі әзірленген. Ет кластерін құру, сүтті-тауарлы фермаларын салу, ет құс шаруашылығын дамыту және суармалы егіншіліктің әлеуеті сияқты бағыттарды қамтиды. Бұл бағытта ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағдарламасы аясында 13 миллиард теңгеге ет комбинаты, бордақылау алаңдары, сүтті тауарлы фермалары, су үнемдеу технологиялары, қой шаруашылығы, тауарлы балық өсіру жобалары іске асырылуда. Аталған бастамаларды қолдау үшін 13 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылып, жыл соңына дейін қосымша 8 млрд теңге бөліну жоспарланып отыр. 
Ет кластерін дамыту аясында Жаңасемей ауданы Шақаман ауылында «ЕвразияАгроСемей» ЖШС тәулігіне 35 тонна ет өңдейтін кешеннің құрылысы басталды. Мұнда жылына 12,6 мың тонна ет өнімдері шығарылып, 7 мың бас қойға арналған бордақылау алаңы дайындалған. 

«Бұл кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын ашып, өңірдің азық-түлікпен қамтылуына үлес қосады. Осы бағытта жұмысты жалғастырып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау көрсетуге дайынбыз», - деді облыс әкімі. 


#Семей, #Абай облысы, #Берік Уәли