Абай облысының үш жылдық даму жоспары: Жаңа мүмкіндіктер мен мақсаттар

Абай облысының үш жылдық даму жоспары: Жаңа мүмкіндіктер мен мақсаттар

Абай облысының әкімі Берік Уәли Семей қаласындағы Абай атындағы театрда өңірдің алдағы үш жылдық даму жоспарын таныстырып, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған кешенді шараларды атап өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі.  Жиынға депутаттар, қоғамдық кеңес мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ҮЕҰ мүшелері, білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, әлеуметтік, бизнес саласының өкілдері және құқық қорғау органдарының жетекшілері қатысты. Іс-шара тікелей эфирде YouTube арқылы көрсетілді.

Облыс әкімі жиынды ашқан сөзінде Мемлекет басшысының Абай облысын құру туралы шешімінің тарихи маңыздылығына тоқталды. 

«Облыс құрылған сәттен бастап өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы Президенттің тікелей бақылауында. Биыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту – әрбір тұрғынның азаматтық парызы», – деді Берік Уәли.

Әкімнің айтуынша, қызметке кіріскен үш ай ішінде өңірдің барлық аудан, қалаларын, бұрын аудан орталықтары болған Шар қаласы, Баршатас, Таскескен және Қайнар ауылдары сияқты 68 елді мекенде болып, тұрғындардың тыныс-тіршілігімен және өзекті мәселелерімен танысқан. Бұл тәжірибе аймақтың даму стратегиясын нақтылауға мүмкіндік берген.

Жиында аймақ басшысы алдағы үш жылға арналған даму жоспарын айқындап, негізгі жеті басым бағытты белгіледі:

  1. Өндірістік кластерлерді дамыту (ет, сүт, агроөнеркәсіп),
  2. Суармалы егіншілік әлеуетін арттыру,
  3. Ішкі туризмді өркендету,
  4. Әлеуметтік салаларды (білім, денсаулық, мәдениет) дамыту,
  5. Инфрақұрылымды жаңғырту (жол, инженерлік желілер),
  6. Инвестиция тарту,
  7. Жаңа жұмыс орындарын ашу.

Берік Уәли облысқа инвестиция тарту мәселесіне айрықша тоқталды. Оның айтуынша, 2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге асырылады. Бұл жобалар нәтижесінде 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Биылдың өзінде «СемАз» ЖШС жылына 6 мың арнайы техника шығаратын желіні жаңартады, ал «Казполиграф» ЖШС қағаз және картон бұйымдарын жылына 40 млн дана өндіретін зауытты іске қосады.

Өндірістік инфрақұрылымды кеңейту мақсатында «Өндіріс» индустриялық аймағының аумағы 96 гектардан 562 гектарға дейін ұлғайтылады.

Әкімнің айтуынша, облысқа шетелдік инвесторлармен 40-тан астам кездесу өткізілген. Енді Ресей және Қытаймен сауда байланыстарын кеңейту жоспарланып отыр. Осы мақсатта Семей қаласында «Инвесторлар үйі» ашылады. Бұл шаралар нәтижесінде 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 547 млрд теңгеден 800 млрд теңгеге дейін артады деп күтілуде.

Абай облысында ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 486 миллиард теңгеге жетіп, өсім 103 пайызды құрады. Ірі қара мал саны 743 мың басқа жетіп, республика бойынша 3-орынға шықты.

2028 жылға дейінгі ауыл шаруашылығын дамытудың жаңа моделі аясында 13 миллиард теңгеге ет комбинаттары, бордақылау алаңдары, сүтті тауарлы фермалар, су үнемдеу технологиялары, балық және қой шаруашылығы жобалары іске асырылуда. Жыл соңына дейін бұл бастамаларды қолдау үшін қосымша 8 миллиард теңге бөлінуі жоспарланып отыр.

Әлеуметтік инфрақұрылым – сапалы өмір сүру кепілі,-деген Берік Уәли облыс бойынша 19 мыңнан астам адамның тұрғын үй кезегінде тұрғанына тоқталды. Айтуынша, биылдан бастап жалпы ауданы 480 мың шаршы метр болатын 68 көппәтерлі және жеке тұрғын үй құрылысы басталады. Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр. Бұл 6 800 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік бермек.

Білім беру саласында 2025 жылға дейін 5 700 орындық 11 мектептің құрылысы жоспарланған. Биыл 5 мектептің құрылысы басталмақ. Сондай-ақ, облыс орталығында «KAZ Minerals Management» ЖШС қаражаты есебінен 1 200 орындық мектеп салынып жатыр.

Денсаулық сақтау саласында Семей қаласында 100,4 миллиард теңгеге 5 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.

Сондай ақ облыс әкімі Берік Уәли өңірдің даму жоспарына арналған жиында Семей қаласының солтүстік бөлігінде жаңа ықшам аудан бой көтеретіні туралы мәлімдеді.

Жоспар бойынша, аумағы мың гектардан асатын жаңа аудан 75 мың тұрғынға лайықталып салынады. Мұнда тұрғын үйлерден бөлек, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар салу көзделген. Сонымен қатар, мәдени, спорттық, ғылыми, білім беру бағытындағы жаңа ғимараттар бой көтермек.

"Жоба аясында Жастар сарайы, Жекпе-жек сарайы, Ғалымдар үйі, Медиа орталық, Көрме орталығы, Достық үйі, Инвесторлар орталығы, Музыкалық мектеп, Филармония, Этносаябақ, Стадион, Колледж, Музей, Балабақшалар мен қонақүйлер және сауда кешендері салынады," — деді облыс басшысы.

Аудан экологиялық жағынан қолайлы аймақта — "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерватына жақын маңда орналасады. Бұл жасыл аймаққа ерекше мән берілмек. Жобада көгалдандыру, саябақтар мен демалыс орындарын салу қарастырылған.

Аймақ басшысының айтуынша, жаңа ықшам аудандағы бірқатар нысан Мемлекет Басшысының қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында салынады. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай еліміздің әр өңірі Семейге әлеуметтік және мәдени нысандар тарту етеді. Облыс әкімінің сөзінше, бұл ұзақ мерзімді жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпал етпек. 

"Жаңа өндіріс орындары ашылып, жұмыс орындары көбейеді. Жеке инвестиция көлемі де артады. Бұл – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыратын маңызды қадам", — деді Берік Уәли.

Семейдің басқа аудандары да назардан тыс қалмайды Жиын барысында әкім қаладағы басқа да бос жатқан аумақтарға облыстық көпсалалы аурухана, театр сынды әлеуметтік нысандар салынатынын атап өтті. Семей қаласы мен облыстың бірқатар елді мекендерінде жаңа мәдени және спорттық нысандар бой көтермек.  Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі таңда Семейде бар болғаны 530 орындық жалғыз театр үш шығармашылық ұжымға бірдей қызмет етеді. Бұл мәселе Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тарапынан да көтерілген. 

Көптен жөндеу көрмеген мәдениет нысандары жаңғыртылады.

 «Филармония ғимараты 1991 жылдан бері жөнделмеген, Абай атындағы кітапхана 1974 жылғы ғимаратта орналасқан. Бұл жағдай аймақ халқының мәдени сұранысына жауап бермейді. Осыған орай, биыл бірқатар жобалар іске қосылады», – деді әкім.

Абай ауданындағы мәдениет үйінің техникалық базасы жаңартылады, Камышенка ауылында жаңа клуб салынады (Бородулиха ауданы), Мақаншыдағы «Інжу-маржан» ансамбліне музыкалық аспаптар алынады, Бесқарағай ауданындағы Беген, Глуховка және Ерназар ауылдарында жаңа мәдениет үйлерінің құрылысы басталады.

Сондай-ақ, Ұлы Абайдың 180 жылдығына орай ұйымдастырылған «Абайға құрмет» республикалық акциясы аясында еліміздің өзге өңірлерінің қолдауымен Семейде бірнеше ауқымды мәдени нысан бой көтереді. Атап айтқанда: музыкалық мектеп, облыстық орталық кітапхана, шығармашылық сарайы, өлкетану музейі, көрме орталығы,а ашық аспан астындағы амфитеатр салынатын болады.

Өңірде спорт инфрақұрылымын дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда аудандарда: жүзу бассейндері,модульдік спорт залдары, дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынып жатыр. Сонымен қатар, Водный және Бобровка кенттерінде спорт кешендерінің іргетасы қаланған. Берік Уәлидің айтуынша, аталған жобалар аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттырып, жастардың мәдени және спорттық әлеуетін ашуға үлкен үлес қосады.

Жиналғандарды тағы бір елең еткізген жаңалық Семейдегі аспалы көпірдің толықтай жөндеуден өтетіні туралы ақпарат болды.

«Семей қаласындағы аспалы көпірдің қазіргі жағдайы – тұрғындарды алаңдатып отырған маңызды мәселе. Мемлекет басшысы облысқа жасаған сапары барысында бұл нысанды қайта жаңғырту туралы нақты тапсырма берді. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Жақын күндері жөндеу жұмыстары басталады. Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң, Семейдің аспалы көпірі бұрынғыдан да қауіпсіз, заманауи әрі ұзақ мерзімге төзімді болады», – деді өңір басшысы.

Жөндеу аясында көпірдің ескі жабындысы толық алынып, орнына жаңадан асфальт төселмек. Жаңарту жұмыстары шамамен 20–25 күн ішінде аяқталады деп жоспарлануда. Бұл аралықта көлік қозғалысына белгілі бір шектеулер қойылады. Осыған байланысты қалада жол кептелістері болуы мүмкін. Алайда әкім тұрғындардың бұл уақытша қолайсыздықтарға түсіністікпен қарайтынына сенім білдірді.

Анықтама: Семей аспалы көпірі – қала мен өңірдің маңызды көлік артерияларының бірі. Ол Ертіс өзені арқылы өтетін, ұзындығы мен құрылымдық ерекшелігі жағынан Қазақстандағы бірегей инженерлік нысандардың қатарында.

Сондай ақ Алакөл жағалауы абаттандырылады. Облыс әкімі Берік Уәли туризмді өңірдің басты даму бағыттарының бірі ретінде атап өтті. Осы мақсатта арнайы Туризм басқармасы құрылып, бірқатар істер атқарылуда. Биыл Алакөлдің Қабанбай ауылындағы жағалауын абаттандыру және туристік аймақтың бас жоспарын өзгертуге тиісті қаржы бөлінді. 

Сонымен қатар, өңірдегі тарихи және мәдени орындардың инфрақұрылымы кезең-кезеңімен жақсартылады. Мысалы: Барлық-Арасан шипажайы, Абай музейі, Қоңыр-Әулие үңгірі, Қозы Көрпеш – Баян Сұлу ескерткіші, Тұзды көл, Киелі бұлақ, Ырғызбай және Баянбай ата кесенелері, Елеке сазы қорғандары.

Теміржол вокзалдары жаңартылып, жаңа әуе рейстері ашылады. Мысалы, Семей–Астана бағыты бойынша ұшақ қатынай бастады, алдағы уақытта Семей–Қарағанды бағыты ашылады. Нәтижесінде, өңірге келетін туристер саны екі есе өсіп, 600 мың адамға жетеді деп күтілуде. Қызмет көрсету саласындағы табыс та 1,5 есе артады. Семейде туристерге жайлы жағдай жасау үшін «Semey Mall» сауда-ойын-сауық орталығы мен «PANA» қонақ үйі салынады.

Облыстағы экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында 277 мыңнан астам ағаш отырғызу жоспарланған. Өткен жылы 75 мыңға жуық көшет отырғызылса, биыл тағы 65 мың ағаш отырғызу жоспарланып отыр.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды өңдеу үшін Семей қаласында заманауи қоқыс сұрыптау желісі орнатылуда. Сондай-ақ, аспалы көпірдің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.

Абай облысының үш жылдық даму жоспары – өңірді жан-жақты өркендетуге бағытталған кешенді бағдарлама. Аймақ басшысы берік Уәлидің айтуынша, бұл бастамалар тек әкімдіктің ғана емес, әрбір азаматтың белсенді қатысуын талап етеді.


#Абай облысы, #Берік Уәли