Адал қызметтің абыройлы жемісі

Адал қызметтің абыройлы жемісі

Абай облысының дін істері басқармасының басшысы Сейілбек Ысқақов Республика күніне орай «Құрмет» орденімен марапатталды.

Бұл марапат – ел дамуы жолында адал еңбек етіп, қоғам өміріне елеулі үлес қосқан азаматтың еңбегіне берілген лайықты баға.

Сейілбек Ысқақовтың жалпы еңбек өтілі 42 жылды құрайды. Ол еңбек жолын 1983 жылы Семей облысы Шұбартау ауданы «Сарықамыс» овцесовхозында ветеринариялық техник қызметінен бастаған. Сол уақыттан бері түрлі салада абыройлы еңбек етіп, ел игілігі жолында қызмет атқарып келеді.

Әр жылдары шалғай ауылдарда ветеринария саласында қызмет етіп, ауыл шаруашылығының дамуына өз үлесін қосты. 2003 жылдан бастап мемлекеттік қызметке араласып, Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Бидайық ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы, кейін сол округтің әкімі болып еңбек етті.

2006–2010 жылдары ШҚО Аягөз ауданы Аягөз қаласының әкімі қызметін атқарып, қала өмірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берді. 2010–2016 жылдар аралығында қала әкімінің орынбасары ретінде халықпен етене жұмыс істеп, аймақтың өркендеуіне бағытталған жобаларды жүзеге асырды.

2016–2020 жылдары Аягөз аудандық мәслихатының хатшысы болып, өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешуге атсалысты. Ал 2020–2023 жылдары Абай облысы Аягөз ауданының әкімі қызметін атқарып, ауданның дамуына зор үлес қосты.

2023–2024 жылдары «AMANAT» партиясы Абай облыстық филиалының атқарушы хатшысы қызметін атқарған Сейілбек Ысқақов қазіргі таңда Абай облысының дін істері басқармасының басшысы ретінде маңызды салада еңбек етуде.

Көпжылдық тәжірибесі мен ұйымдастырушылық қабілеті арқылы ол ел мүддесіне қызмет етудің жарқын үлгісін көрсетіп келеді. Мемлекет пен қоғам алдындағы адал еңбегі еленіп, «Құрмет» орденімен марапатталуы – Сейілбек Ысқақовтың ұзақ жылғы қажырлы еңбегінің жемісі.

Сейілбек Ысқақов – кәсіби жолы мен адамдық қасиеті арқылы елге үлгі болған абзал азамат.


#Абай облысы, #мереке, #марапат, #Республика күні