Риза Молдашева – «Құрмет» орденінің иегері атанды
БАҚ өкілдерінің кәсіби мерекесінде еліміздің ақпарат саласына ерекше еңбек сіңіріп келе жатқан көрнекті журналист, «Семей таңы» газетінің директоры Риза Асанқызы Молдашева «Құрмет» орденімен марапатталды. Мемлекеттік марапатты Абай облысының әкімі Берік Уәли табыс етті.

Риза Асанқызы – еліміздегі қазақ журналистикасының дамуына зор үлес қосқан кәсіби маман, білікті басшы және қоғам белсендісі. Ол 1961 жылы Семей облысының Бесқарағай ауданында дүниеге келген. 1985 жылы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, ал 2007 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінің құқықтану мамандығын тәмамдап, екінші жоғары білім алған. Филология ғылымдарының кандидаты, мерзімді баспасөз тарихына арналған он монографияның авторы.
Журналистік еңбек жолын «Семей таңы» газетінде тілші болып бастаған Риза Молдашева кейін экономика бөлімін басқарды. 1997 жылы бас редактор қызметіне тағайындалған кезде, газет жабылу алдында тұрған еді. Алайда ол газет тағдырына немқұрайлы қарамай, қажыр-қайрат пен ұйымдастырушылық қабілеттің арқасында «Семей таңы» басылымын сақтап қалып, оның дамуына жаңа серпін берді. Нәтижесінде, 2017 жылы бұл басылым өзінің 100 жылдық мерейтойын атап өтті.
«Семей таңы» – бай тарихы бар басылым. 1917 жылы «Сарыарқа» атауымен жарық көріп, Алаш Орда партиясының органы ретінде қазақ руханияты мен тәуелсіздік идеясының жаршысы болды. Газеттің негізін қалаушылар қатарында Алаш қайраткерлері – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов секілді зиялылар болған. Газет беттерінде Абай мен Шәкәрімнің, Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Медеу Сәрсеке және Роллан Сейсенбаев сияқты қаламгерлердің шығармалары жарық көрген.


2002 жылы «Семей таңы» газетінің негізінде «Семипалатинские вести» атты жаңа орыс тілді басылым құрылып, бүгінде «Вести Семей» қоғамдық-саяси газеті ретінде жұмыс істеп келеді. 2020 жылдан бері Бесқарағай ауданында қос тілде шығатын «Біздің Бесқарағай» газеті жарық көре бастады.
Риза Асанқызы тек шығармашылықпен ғана емес, қоғамдық өмірмен де белсенді айналысады. Ол бес шақырылымның қалалық мәслихат депутаты, қазіргі уақытта «Аманат» партиясынан Абай облыстық мәслихатының депутаты . Сонымен қатар, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі.

Оның еңбегі жоғары бағаланып, түрлі мемлекеттік марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, 2004 жылы – «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері» атағы, 2005 жылы – Президент сыйлығы, 2009 жылы – Президент гранты, сондай-ақ «Қазақстан Республикасының Құрметті журналисі», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. Сонымен қатар, «Астанаға 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медальдары мен бірнеше министрлік пен әкімдердің Құрмет грамоталарына ие болды.

Мемлекеттік марапат – «Құрмет» ордені – Риза Молдашеваның жылдар бойы атқарған ерен еңбегінің, журналистикаға адалдығы мен ұлт мүддесіне қызмет етудегі табандылығының айғағы.
#Семей, #Абай облысы, #БАҚ, #Абай облысының әкімі