Әке өнегесі – өмірлік сабақ: Абай облысында әке жауапкершілігі талқыланған маңызды форум өтті
Абай облысында отбасы құндылықтарын нығайтуға және әке мәртебесін арттыруға бағытталған «Әке өнегесі – өмірлік сабақ» атты тағылымды форум өтті,-деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі. Шара Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Бағдарламаның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, отбасы институтын нығайту және жас ұрпақты адамгершілікке, жауапкершілікке тәрбиелеу.

Дәстүрлі сипатқа ие болған форум биыл үшінші рет өткізіліп отыр. Ауқымды жиынды Абай облысының білім басқармасы, ішкі саясат басқармасы және өңірдегі жоғары оқу орындары бірлесіп ұйымдастырды. Форумға облыстың әр өңірінен келген ата-аналар, ардагерлер, ақсақалдар, ғалымдар, ұстаздар, қоғам қайраткерлері мен жастар қатысты. Әсіресе әкелердің белсенді қатысуы ұйымдастырушылар тарапынан ерекше ықыласпен аталып өтті. Бұл қоғамда әке жауапкершілігіне деген көзқарастың өзгеріп, оның отбасы тәрбиесіндегі рөлінің маңыздылығы артып келе жатқанын аңғартады. Форум жұмысын ашқан Абай облысы ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Арман Жемагулов алда келе жатқан Әкелер күнінің маңыздылығын атап өтіп, ұрпақ тәрбиелеудегі отбасының ерекше рөліне тоқталды.

– Ең алдымен, баршаңызды алдағы мерекемен – Қазақстанда дәстүрлі түрде маусым айының үшінші жексенбісінде атап өтілетін Әкелер күнімен құттықтауға рұқсат етіңіздер. Бұл әрдайым ерекше күн. Мемлекет басшысы отбасы институтын сақтау мен дамытуға, сондай-ақ жас ұрпақты тәрбиелеуге әрдайым айрықша көңіл бөледі. Саналы ұрпақ – мемлекеттің берік негіздерінің бірі. Бұл ретте әкелерге жүктелер жауапкершілік ерекше. Бүгінгі форумның басты мақсаты – әкелерді құрметтеу ғана емес, отбасы институтын нығайту және дамыту, сондай-ақ жастар тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылау. Форум барысында пікір алмасып, әкелер мен балалар арасындағы өзара қарым-қатынасқа қатысты ең маңызды мәселелерді қарастырамыз, – деді Арман Жемагулов.
Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі Айгерім Сәрсенбаева әкелік жауапкершіліктің әділетті әрі қауіпсіз қоғам құрудағы маңызы және әрбір ата-ананың жеке жауапкершілігі туралы баяндады.
– Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай барысында біздің ортақ мақсатымыз – Заң мен тәртіп қағидаттары үстемдік ететін Әділетті Қазақстанды құру екенін атап өтті. Бұл міндет – еліміздің әрбір азаматының жеке жауапкершілігі. Әкелер форумы еліміздің барлық өңірлерінде жыл сайын өткізіліп келеді және жақсы дәстүрге айналды. Бұл алаңда біз әкелердің лудомания, нашақорлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық сияқты заманауи қоғамның келеңсіз құбылыстарымен күрестегі рөлін талқылаймыз. Қазіргі заманғы әке – жай ғана отбасы басшысы емес, ол балалар тәрбиесіне тікелей ықпал ететін саналы ата-ана. Қоғамда мұндай үлгінің оң нәтижелерін көрсететін мысалдар жеткілікті, – деді Айгерім Сәрсенбаева.

Форум барысында сөз алған спикерлер қазіргі қоғамда кездесетін көптеген әлеуметтік мәселелердің түп-тамыры отбасы тәрбиесіне, соның ішінде әкенің жауапкершілігіне байланысты екенін атап өтті. Өйткені әрбір баланың тұлға болып қалыптасуында отбасы тәрбиесінің орны ерекше болса, сол тәрбиенің өзегінде әке өнегесі тұрады. Тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Аман Рахметуллин отбасының қоғамдағы негізгі институт ретіндегі тарихи маңыздылығына және болашақ ұрпақты тәрбиелеудегі ата-аналардың жауапкершілігіне назар аударды.

– Тарихи тұрғыдан алғанда, отбасы институты кез келген қоғамдағы ең маңызды институттардың бірі болып келген. Отбасынсыз қоғамның дамуы мүмкін емес, өйткені отбасы – тәрбие мен болашаққа бағыт-бағдар беретін орта. Біздің болашағымыз тікелей отбасыға байланысты. Кейбір әкелер: «Балаларым тоқ, киімі бүтін, баспанасы бар, демек мен отбасы үшін бәрін жасап жүрмін» деп ойлайды. Бұл толықтай дұрыс емес. Мұның бәрі – әкенің міндеті. Тәрбие беру де әкенің жауапкершілік аймағына жатады әрі бұл тек ұлдарға ғана емес, қыздарға да қатысты. Лудомания, кибербуллинг және қатыгездік көріністері кей жағдайда әкелік тәрбиедегі олқылықтардың салдары болуы мүмкін. Бұл – қоғам болып талқылауды қажет ететін маңызды мәселе, – деді Аман Рахметуллин.
Форум аясында «Әке жауапкершілігі», «Отбасындағы әкенің рөлі», «Рухани тәрбие және әке өнегесі», «Ұлттық құндылықтар және бала тәрбиесі» тақырыптарында ашық пікірталастар ұйымдастырылды. Қатысушылар өз тәжірибелерімен бөлісіп, қазіргі қоғамдағы отбасы институтын нығайтудың тиімді жолдарын ортаға салды. Жиында жаһандану үдерісі жағдайында ұлттық болмыс пен дәстүрлі қазақ отбасының тәрбиелік әлеуетін сақтау мәселесіне де ерекше назар аударылды.

Спикерлердің пікірінше, бүгінгі таңда балалардың бойына адамгершілік, жауапкершілік, отансүйгіштік секілді қасиеттерді сіңіру әрбір ата-ананың басты міндеті болып қала береді.

Форум барысында ананың қоғамдағы және отбасындағы орны да кеңінен сөз болды. Қатысушылар ана мәртебесінің әрдайым биік екенін атап өтіп, бала тәрбиесінде әке мен ананың жауапкершілігі қатар жүруі қажеттігін айтты. Сонымен қатар кейбір жағдайда әкелердің өз міндетін тек отбасын материалдық тұрғыдан қамтамасыз етумен шектеп қабылдайтыны жөнінде пікірлер айтылды. Алайда мамандар мен қоғам қайраткерлері әкенің миссиясы бұдан әлдеқайда ауқымды екенін жеткізді.
– Әкенің бала тәрбиесіндегі рухани жауапкершілігі өте жоғары. Баланың мінезі, дүниетанымы, өмірлік ұстанымы көбіне әкенің өнегесі арқылы қалыптасады. Сондықтан әке баласына тек асыраушы ғана емес, үлгі көрсетуші тұлға болуы керек, – деген ойлар жиын барысында кеңінен қолдау тапты.

Форумға қатысқан көпбалалы әке Шыңғыс Әбілұлы да өз әсерімен бөлісті.
– Әкенің беделін арттыру мақсатында ұйымдастырылған форумға қатысып отырмын. Көпбалалы әке ретінде өз ойымды ортаға салып, қоғамдағы әке мәртебесін көтеруге бағытталған жұмыстарға үлес қосқаныма қуаныштымын, – деді ол.
Форум соңында қатысушылар отбасы құндылықтарын нығайту, әкелердің қоғамдық белсенділігін арттыру және жастар тәрбиесінде ұлттық дәстүрлерді кеңінен насихаттау бағытындағы жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атап өтті.

«Әке өнегесі – өмірлік сабақ» форумы қоғамдағы әке мәртебесін көтеруге, отбасы құндылықтарын дәріптеуге және өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі жауапкершілікті күшейтуге бағытталған маңызды алаңға айналды. Мұндай бастамалар дәстүрлі отбасы институтын нығайтып, ел болашағы болатын саналы әрі жауапты ұрпақ тәрбиелеуге қызмет ететіні сөзсіз.