Алакөлде кәсіпкерлерге салық заңнамасының талаптары түсіндірілді
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров жұмыс сапарымен Алакөл көлінің жағалауына барып, кәсіпкерлермен кездесті және туристік инфрақұрылым нысандарының қызметімен танысты.
Жұмыс сапары барысында демалыс базалары мен өзге де кәсіпкерлік нысандарын аралаған ведомство басшысы кәсіпкерлердің назарын кассалық тәртіпті сақтау, фискалдық чектерді міндетті түрде беру және салықтық міндеттемелерді уақтылы орындау мәселелеріне аударды. Руслан Данияров бизнесті ашық әрі адал жүргізу, салықтарды уақытылы төлеу және фискалдық чектерді беру кәсіпкерлікті дамытуға, тұтынушылардың сенімін арттыруға және өңірде қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастыруға ықпал ететін маңызды факторлар екенін атап өтті.
«Біздің басты міндетіміз – тек бақылау жүргізу ғана емес, сонымен қатар бизнес үшін ашық әрі қолжетімді мемлекеттік орган болу. Біз заңнама талаптарын түсіндіруге, консультациялық қолдау көрсетуге және кәсіпкерлермен бірлесіп туындайтын мәселелерді шешуге әрдайым дайынбыз. Ашық диалог, өзара сенім және заң талаптарын сақтау жағдайында ғана туристік саланың тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, нарықтың барлық қатысушылары үшін тең жағдай жасауға болады», – деді Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Руслан Данияров.
Естеріңізге сала кетейік, туристік маусым басталғаннан бері Алакөл көлінің жағалауында мемлекеттік кірістер органдарының мобильді тобы күн сайын кәсіпкерлер арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, консультациялық қолдау көрсетуде және салық заңнамасының талаптарын түсіндіруде.
Абай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті салық мәдениетін арттыруға, адал кәсіпкерлікті қолдауға және кәсіпкерлік қоғамдастықпен сындарлы өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Ашық диалог, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі және бизнеспен серіктестік қарым-қатынас ведомство қызметінің негізгі қағидаттарының бірі болып қала береді.