Ана тілі- асыл құндылық
Бүгінде өзектілігі күшеймесе, азаймай тұрған өткір мәселенің бірі - мемлекеттік тіл. Жалпы қоғам, оның ішінде Жаңа Қазақстанның жастары бұл мәселеге немқұрайлы қарайтын сияқты. Өкініштісі де сол. Оған болашағымызға балаған жас ұрпақтың өз тіліне қарағанда, өзге тілге құмартуы себеп деуге болады. Бұл жерде әрине, кінәні алдымен қоғамнан, интернеттен, әлеуметтік желіден іздейтініміз сөзсіз. Ол да дұрыс шығар. Алайда тал бесіктен басталатын тәрбиеміз қайда? Мәселе осында.
Ана тілін құрметтеуді отбасынан бастау керектігі айтылғанымен, сөз жүзінде қалуда. Олай дейтініміз, қазірде жас отбасылар ішінде қазақша сөйлейтіндері жоққа тән. Әрине, ата-анасы қай тілде сөйлесе баланың да тілі сол тілде шығатыны айдан анық. Өзім куә болған бір жайтты келтіре кетейін. Әріптесіміз жұбайы екеуі таза қазақ тілінде сөйлейді. Тіпті өзге тілге шорқақ десе болады. Ал үйдегі кішкентай қыздарының тілі орыс тілінде шыққан. «Күні бойы мультфильм көретіндіктен болу керек орысша үйреніп алыпты, қазақша сөйлемейді. Қазақша мультфильмге ауыстырсақ, көрмейді. Еріксіз біз тілімізді бұрап, орыс тілінде сөйлейтін болдық»,-деп ақталады әкесі. Рас, таң қаларлық жайт. Бірақ бір жағынан сөзінің жаны бар. Ана тіліміздегі мультфильмдерді бала тұрмақ, өзіміз көре алмаймыз. Себебі, тартымсыз. Ал балаларға арналған бағдарламалар кілең көшірме. Бұдан туатын ой, қазақ тіліндегі мультфильмдер мен балаларға арналған бағдарламаларды жақсарту үшін жұмысты күшейту керек. Осы бағытта жастарды мақсатты түрде оқыту қажет сияқты. Болмаса, технология дамыған заманда анда-санда аузы мен қол-аяғы жыбырлаған кейіпкерлермен балаларды қызықтыру мүмкін емес. Ол үшін әдемі сурет пен бейне де қажет. Тек сонда ғана бала сол кейіпкердің тіліне еліктеп сөйлейді.
Кейбір ата-аналардың мемлекеттік тілді меңгеруге тіптен құлықтары жоқ. Бірі балабақша мен мектепте орысша оқығандарын желеу етсе, енді бірі түсінетінін, бірақ сөйлей алмайтынын сылтауратады. Ал кейбіреулері баламыз ағылшын тілін білсе болғаны деп, қарап отырады. Тіпті, маған оның қажеті қанша дейтіндер де бар. Отбасында, балабақшада, мектепте ана тілін меңгермеген адам халқымыздың құндылықтарын қайдан білсін? Өз тілін менсінбеген адам, қайдан мемлекетшіл болсын? Жалпы ұлтқа тән қасиет адамзат бойына тәрбие арқылы дариды. Осы ретте бүгінгі Жаңа Қазақстандағы жастардың ұрпақтарын ана тілінде тәрбиелеп, бойларына ұлттық қасиеттерімізді дарытып өсірсе деп ойлайсың. Ол үшін отбасында ана тілінде сөйлесіп, балаларын қазақ тілі балабақшалар мен мектептерге берсе жақсы қадам болар еді.
Мен өзім және бауырларым қазақ мектебін оқып, бітірдік. Отбасымызда атам мен апам тек қазақ тілінде ғана сөйледі. Ырым, тыйым сөздер, әдет-ғұрып, салт-сананы бойымызға сіңіріп өстік. Оның үстіне анам – Желтоқсан көтерілісінің батыры. Саяси қуғын-сүргін құрбаны ретінде ақталған. Көзімізді ашқаннан елге-жерге, тілге деген құрметтің асыл қасиеттер екенін айтып келеді. «Ана тілін құрметтеген адам нағыз патриот»,-деп айтып отырады.
Бұдан шығатын қорытынды біз тіл туралы қанша айтқанымызбен, «тал бесіктегі тәрбие», «ана сүтімен берілетін қасиет» болмаса, тіл мәселесі сол күйінде қала бермек. Отансүйгіштік қасиет те балаға отбасынан дариды. Тілге құрмет болмаса, елге құрмет қайдан болмақ?! Тек тіліңді, салт-дәстүр, әдет-ғұрпыңды сүйіп, құрметтегенде ғана отаншыл бола аласың. Сонда ғана бала мемлекетшіл болып өседі.