Ауылдар елеске айналуда: Қазақстан картасынан жыл сайын көптеген елді мекендер жоғалып барады
Соңғы 10 жылда ел бойынша 580-нен астам ауыл таратылды. Олардың басым бөлігі республиканың солтүстігінде орналасқан. Бұл үрдіс жай ғана құрғақ статистика болып көрінгенімен, шын мәнінде мыңдаған адамның өміріндегі үлкен өзгерістерді жасырып отыр. «ТИ» тілшілері бұл жағдайдың себебін және ауылдық аймақтардың болашағына қалай әсер ететінін зерттеп көрді, -деп хабарлайды abaidan.kz ақпараттық агенттігі tobolinfo.kz сілтеме жасап.
Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, 2025 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 17 облыс, 195 аудан, 90 қала (оның ішінде республикалық маңызы бар – 3), 29 кент, 2 159 ауылдық округ және 6 124 ауыл бар.
Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша соңғы он жылда таратылған ауылдардың саны 500-ден асты. Бұл тізімде Қостанай облысы көш бастап тұр. Облыстың әкімшілік-аумақтық құрылымының анықтамалығына сәйкес, өңірде 500 елді мекен бар, бірақ бұл көрсеткіш тұрақты өзгеруде. Тек 2004 жылдан бері тұрғындары 50 адамнан аз болған 274 ауыл таратылған.
Неге бұлай болып жатыр?
Елді мекендерді тарату мәселесі Қазақстан Республикасының «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» Заңымен реттеледі. Қостанай облысы әкімдігінің ұйымдастыру-бақылау бөлімінің басшысы Әлия Исмагамбетованың айтуынша, бұл – ресурстарды оңтайландыруға және басқару тиімділігін арттыруға бағытталған көп кезеңді әрі күрделі процесс.
– Негізгі себептері – тұрғындардың мүлде болмауы немесе халық санының аздығы және дамуға перспектива болмауы. Инфрақұрылымның жоқтығы: мектептер, ауруханалар, дүкендер, су құбыры немесе электр желісінің болмауы. Ауылды ұстаудың экономикалық тұрғыдан тиімсіздігі – мемлекет үшін оны сақтау, қалған тұрғындарды қолдаудан да қымбатқа түседі. Бұл процесс бірнеше сатыдан тұрады: бастаманы әкімдік көтереді, деректер жинайды, қоғамдық тыңдау өткізеді, кейін құжаттарды Үкімет пен Парламенттің қарауына жібереді, – дейді Әлия Исмагамбетова.
Туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған тұрғындарға қолдау шаралары қарастырылған. Оларға жақын маңдағы елді мекендерге көшу ұсынылады, баспана немесе жер телімдері беріледі, кейбір жағдайларда өтемақы төленеді.
Ал ауылдың өзіне не болады? Таратылғаннан кейін оның жерлері мемлекеттік жер қоры санатына өтеді, ал әкімшілік бірлік барлық ресми тізімдерден алынып тасталады. Мемлекеттік органдар бұл аумақта өз жұмысын тоқтатады.
Әкімшілік-аумақтық құрылым анықтамалығына соңғы өзгерістер 2023 жылы енгізілген. Әкімдік пен мәслихаттың бірқатар бірлескен қаулылары ауылдық округтер мен елді мекендердің атауын өзгертуге, таратуға және қайта құруға себеп болды.
Бұл өзгерістер Жітіқара, Қарабалық, Қарасу, Меңдіқара және Федоров аудандарына қатысты. Барлығы 26 ауыл таратылып, олардың аумақтары ірі елді мекендерге қосылды. Мысалы, Федоров ауданында Андреевка ауылы таратылып, оның жерлері Владыкинка ауылының құрамына енгізілді. Дәл осы өңірге «ТоболИнфо» тілшілері барып қайтты.
«ЖАҒДАЙ ЖАҚСАРУДА»
Ауылдардың көбі2009 жылы таратылған еді. Сол кезде картадан бірден 66 ауыл жоғалып кеткен. Әсіресе Федоров ауданында – 13 ауыл таратылды. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш.
Алғашқылардың қатарында 2006 жылы Дмитриевка мен Домбарка, сондай-ақ небәрі төрт тұрғыны қалған Новоукраинка ресми құжаттардан алынып тасталды. 2009 жылы олар Дубровка ауылының құрамына енгізілді. Айталық, 1999 жылы Новоукраинкада 452 адам тұрған болса, 10 жылдан кейін олардың саны 118-ге дейін азайды.
2011 жылғы 19 тамызда Қостанай облысы әкімдігінің қаулысымен Федоров ауданындағы Украин ауылдық округі де таратылды. Оған қарасты барлық ауылдар Қоржынкөл ауылдық округінің әкімшілік қарауына берілді. Солардың ішінде Малороссейка ауылы да бар. «ТИ» тілшілері мұнда да болды: ауылда негізінен зейнеткерлер тұрады, балаларға мектеп жоқ, бірақ ғимарат бар. Қазір ол жерде мәдени іс-шаралар өткізіліп, қалған тұрғындарға арналған концерттер ұйымдастырылып тұрады.
Жалпы ауданның аумағы кең. Оның құрамына 44 елді мекен кіреді. Федоров ауданы әкімінің орынбасары Рамиль Валеевтің айтуынша, соңғы жылдардағы күрделі үрдіс өзгеріп келеді, оған басты себеп – инвестициялар. Дегенмен әкімдік өкілі ауылдан халықтың көшуі әлі де бар екенін, барлық жерге өркениет жетпегенін және жұмыс орындарының тапшылығы ауылдағы өмір сапасына айтарлықтай әсер ететінін мойындайды.

Федоров ауданы әкімдігінде таратылған ауылдарды қараусыз қалдырмай, көмектесіп, күтім жасай беретінін айтады
– Өздеріңіз білетіндей, соңғы 20 жылда біз осынша жол жөндеп, сонша шам орнатып, сонша баспана салып, сонша су құбырын тартпағанбыз. Ал соңғы екі жылда осының бәрін жасадық. Бұл – жай сөз емес, республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген нақты қаражат, – дейді Валеев.
Ол мысал ретінде жақында су тартылған Бановка ауылын келтірді. Айтуынша, бастапқыда халық бұл жобаға сенбеген, «орындалмайды» деп күмәнмен қараған. Бірақ су келген соң, нағыз «су құбырына қосылу кезеңі» басталған. Тұрғындар үйлеріне суды тезірек кіргізуге тырысқандықтан, мердігерлер үлгермей қалған.
– Бұл жағдай халықтың нақты өзгерісті көргенде сенімі оянатынын көрсетті. Бүгінде олар қол қусырып отырмайды, керісінше, аулаларын реттеп, белсенді еңбек етіп жатыр, – деп толықтырды Валеев.
Ауылдарға жаңа тыныс беру үшін аудан билігі жастарға басымдық беріп отыр. Рамиль Валеевтің айтуынша, жыл сайын жастардың ауылдық жерлерде жұмысқа орналасуға арналған бағдарламаларға қызығушылығы артып келеді.
– Бірнеше бағдарлама бар. Жастар тәжірибесі жас мамандарға бір жылға дейін мемлекет есебінен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл – жұмыс берушіге еш шығынсыз жас маманның қабілетін байқап көру уақыты. Егер ол білікті болса, тұрақты жұмысқа қабылданады, – деп түсіндірді ол.
Ерекше көңіл тұрғын үймен қамту бағдарламасына бөлінген. Бұл бағдарлама бойынша жастарға үйлерді жеңілдетілген шартпен сатып алу үшін несие беріледі. Соңғы жылдары бұл несиенің көлемі екі есеге жуық өсті.
– Бұл жастар үшін орасан зор қолдау. Олар өз баспанасын алып, үш жыл жұмыс істей алады, кейін қалаға қайтқысы келсе, үйін сатып, пәтер ала алады. Бұл – олардың аяғынан тік тұруына негіз, – дейді Валеев.
Әкімнің орынбасарының пікірінше, бұл шаралар алғашқы нәтижесін беріп жатыр. Халық көшу туралы ойлауды қойып, үйлерін жөндеуге, аулаларын көркейтуге қаржы сала бастаған.
– Бұл – халықтың ауылда әрі қарай өмір сүргісі келетінін көрсетеді. Біздің ауданның болашағы зор, оның ұзақ тарихы бар, соны ұмытпай, жалғастыру керек, – дейді Валеев.
Алайда шенеунік айтқан оң өзгерістерге қарамастан, Федоров ауданындағы ауылдардың мәселелері аз емес. Мұны біз де аудан орталығынан аз ғана ұзап шыққанда өз көзімізбен көрдік.
ҮМІТ
Федоровкадан 10 шақырым ұзай бере біз мүлде басқа бір әлемге түскендей болдық. Владыкинка ауылы алты көшеден тұрады, олардың бәрі күтімді, асфальт төселген. Ауылдың қақ ортасында екі қабатты мектеп ғимараты тұр. Бұл жергілікті халық үшін үміттің символындай.
1997 жылдан бері Владыкинкада тұратын оқу ісі жөніндегі орынбасар Ирина Довженок ауыл тарихын жақсы біледі. Оның айтуынша, ауыл 1909 жылы қоныс аударушылар келген кезде құрылған.

Ирина Довженок ауылдағы өміріне мүлде шағымданбайды, бәрі көңілінен шығатындай көрінеді
– Әуелде олар басқа жерде тұрған, бірақ 1911 жылы ішуге жарамды су көздерін тауып, осында қоныстанған. Владыкинка ХХ ғасырдың барлық кезеңдерін бастан өткерді: революцияны, ұжымдастыруды, тың игеруді, әрине, Ұлы Отан соғысын да. Соғыста қаза тапқан ата-бабаларының рухын ауыл тұрғындары әлі күнге дейін құрметтейді, – дейді ол.
Ауылдың гүлдену кезеңі 70–80-жылдарға сәйкес келді. Ол кезде Владыкинка табысты мал шаруашылығы кеңшары болған: мал да, сүт те көп, ауылдың жағдайы жақсы еді.
– Ал ауыр 90-жылдар өз ізін қалдырды. Жергілікті немістердің бір бөлігі Германияға қоныс аударды. Адамдар жақсы өмір іздеді, бірақ мен және басқа да ауылдастар қалдық. Өзім қалада бес жылдай тұрдым, бірақ қайтадан ауылға оралдым. Өйткені мұнда ауа таза, адамдар мейірімді, – дейді педагог.
Қазір Владыкинка мектебінде 36 бала оқиды. Бұл жобалық қуаттылығына (140 орын) аз болса да, мұғалімдер болашақтан үміт үзбейді. Дегенмен, олар қиындықтарды жасырмайды: мектепке математика пәні мұғалімі жетіспейді.

Владыкин мектебінің бірінші сынып оқушылары, жалпы мектепте шамамен 30 бала бар
Мектеп директоры Гүлнар Бекбосынова бізге мектепті көрсетіп, ғимараттың қандай болғанын еске алды.
– Елестетіп көріңіз, қабырғалардан сылақ үгіліп түсетін, қыста суық пен ылғал болатын. Тіпті сыныптардағы су қатып қалатын! Сол сынақтарды еңсеру үшін кез келген амал табуға тура келетін. Қазір жөндеу жұмыстарының арқасында мектеп жылы әрі жайлы. Ескі терезелер пластикке ауыстырылды. Біз бұған қуаныштымыз, себебі мектеп бар жерде – ауыл да бар, – дейді ол.
Қазақ тілі мұғалімі Балым Мұқанова да өміріне разы. Ол Владыкинкаға Костычевкадан көшіп келген.
– Бұл 25 жыл бұрын еді, менің бұрынғы мектебім өртеніп кеткеннен кейін осында келдім, – дейді ол. – Ол кезде мұнда ештеңе жоқ болатын. Бүгінде мектебімізде керемет педагогтар жұмыс істейді, олар балалардың жақсы білім, тәлім-тәрбие алуына қамқорлық жасайды. Бәрі жақсы.
Мұғалімдерден ауылға не жетіспейді деп сұрадық. Олар «бәрі бар» дейді. Ал шын мәнінде су тасымалдап әкелінеді, газ уәде етілгенімен, үйлердің ауылға бытырап орналасуына байланысты жүргізу ыңғайсыз әрі тиімсіз болуы мүмкін. Бірақ мұнда да тұрғындар жақсы жағын табады.
– Жер кең, мал бағуға еш кедергі жоқ, – дейді Ирина Довженок.
Шынында да, мектептің жанындағы бос алаңда жайылып жүрген бұзаулар көзімізге түсті.
– Әрине, ауылда шаруашылықсыз болмайды. Сиыр бар, құс бар. Аздап болса да бәрінен бар. Күні бойы жұмыстан қол босамайды, зеріккенге уақыт жоқ, – дейді мұғалімдер.
Владыкинкада екі дүкен, кітапхана және мектеп жанынан ашылған клуб жұмыс істейді. Ал көрші Андреевка ауылының тағдырын ойлағанда педагогтар қынжылады: «Мектеп жоқ – ауыл жоқ». Онда мектеп жабылған соң халық кете бастаған.
– Біз Владыкинканы ондай жағдай күтіп тұрмайды деп сенеміз. Біздің ауыл талай сыннан өтті: 40-жылдары да, 90-жылдары да қиын болды, бірақ ауыл шыдады, өмір сүріп келеді, – дейді тұрғындар.

Владыкин мен басқа ауылдарда халық мал шаруашылығымен белсенді айналысады
Жергілікті халықтың оптимизмі жай үміт емес. Ол – еңбекке, өзіне деген сенімге және айналада болып жатқан шағын болса да нақты өзгерістерге негізделген. Бұл – гүлдену туралы емес, төзімділік пен таңдау жайлы әңгіме. Өз үйін тастамай, оны қорғап қалу үшін күресуді таңдаған ауыл адамдарының тарихы.
КАРТАДАҒЫ ЕЛЕС
Біз Андреевкаға бет алдық. Әкімдік деректеріне сүйенсек, мұнда 28 адам тұрады, олардың үшеуі – бала, қазір Федоровкадағы интернатта оқып жатыр. Владыкинкадан шыққан жол бастапқыда тегіс болғанымен, ауылға үш шақырым қалғанда асфальт кенеттен үзілді. Одан әрі – ойылған шаңды тасжол, ол да ауа райы қолайлы болса ғана жүруге мүмкіндік береді. Ауылға жақындай бере-ақ тіршіліктің тоқтап қалғанын байқауға болады. Машина да, адам да, әдеттегі қимыл-шу да жоқ. Бар болғаны екі көше, оның өзінде жан баласы көрінбейді, тек жалғыз шаруашылық аумағында ғана қозғалыс байқалады. Дүкен жоқ, мектеп жоқ. Ештеңе жоқ.

Бұрын қарқынды дамыған Андреевка ауылынан қираған ғимараттар ғана қалған
Ашық тұрған қақпадан бізді Андреевкада өмір бойы тұрған Николай Иванович Максименко қарсы алды. Оның жүзінен ащы күйзеліс пен өкініш көрінеді. Ол кезінде мұнда 600-ге жуық аула болғанын еске алады.

Николай Максименко туғанынан бері Андреевка ауылында тұрады және бұл жерден кетуді ойламайды
– Халық жақсы тұрды, бәрі жеткілікті еді. Ешкім ештеңеге шағымданған жоқ. Газ әкеледі, қажеттінің бәрін береді. Тек жұмыс істесең болды. Ал қазір қолда бардан айырылдық. Кеңес дәуірінде өмір қайнап жататын. Өзім 14 жасымнан трактор айдадым. Ол кезде комбайндар кабинесіз еді, күні бойы шаң мен майдың ішінде отыратынбыз. Бірақ жұмыс болды, ауыл гүлденді. Андреевка үшін де, бүкіл Одақтағы мыңдаған ауыл үшін де шешуші кезең – 90-жылдар болды, – дейді ол.
Бұрынғы өмірдің бар ізі – қираған ғимараттар. Тіпті бір кездері салынған дүкенді де біреулер кірпішіне дейін тарқатып әкеткен.
Николай Иванович үшін ең ауыр әрі ашу тудырған жайт – жергілікті шаруа қожалығының «иесі». Оның айтуынша, ол «халықты тонап, жерді тартып алған». Ашуланғанын жасырмайды.

Біз барған ауылдардағы су тасымалдап әкелінеді
– Ол ауылды қайта жандандырамын деп уәде берген: жол салады, газ әкеледі, дүкенді қалпына келтіреді деген. Бірақ бір көшеге де асфальт төсемеді. Бізде шай қайнататын жағдай жоқ. Газ баллондарын мұнда жеткізбейді. Борщ пісіру үшін далада от жағып, тас дәуіріндегідей өмір сүріп жатырмыз, – дейді жұбайы Татьяна қынжылып.
Оның әңгімесінде жергілікті биліктің әділетсіздігі де сезіледі. Николай Иванович шенеуніктердің малды ауыл ішінде жайылғаны үшін айыппұл салуға қалай тез әрекет ететінін айтып ашынады.
– Мен оларға айтамын: қай ауылды көріп тұрсыздар? Еш болмаса, сиыр жүрсін, қарайын. Адам жоқ қой, – деп налиды ол.
Николай Иванович өзін мемлекет тастап кеткендей сезінеді. Оның ойынша, билік қарапайым халықтың емес, жерден пайда тапқандардың мүддесін қорғайды.
Көпшіліктен өзгеше, ерлі-зайыптылар берілмеген. Олар екі сиыр ұстап, қаңыраған ауылда шаруашылық жүргізуді жалғастырып отыр. «Адам жоқ, жарық жоқ, қорқып кетпейсіздер ме?» деген сұраққа Николай Иванович ащы күлкімен жауап берді:
– Біздің ұрлайтын ештеңеміз жоқ. Біз миллиардер емеспіз, ақшамыз да жоқ. Қорқатындай не бар? Ешкім бізді тонауға келмейді.
Николай Иванович ауылға «адал адам» келсе екен деп армандайды. Ол халықтың есебінен емес, мемлекет қолдауымен ауылды басқарып, қайта жандандырар еді деп сенеді. Әлі де Андреевканы тірілтуге болады деп үміттенеді.
Бұл ауылдың тарихы – жай ғана «таратылған елді мекен» деген статистика емес. Бұл – тек үйін ғана емес, әділдікке деген сенімін де жоғалтқан адамның жеке қасіреті. Бұл – бір ауылдың елеске айналғаны және оның соңғы тұрғыны ащы естеліктердің күзетшісіне айналғаны жайлы тарих.
ЖАЛПЫ МӘСЕЛЕ
Көршілес Солтүстік Қазақстан облысында да жағдай мәз емес. 2024 жылы облыс әкімі мен облыстық мәслихат 50 адамнан аз халқы бар 45 ауылды тарату туралы бірлескен қаулы жобасын жариялады.

СҚО-дағы Соколовка ауылында понтон көпірін пайдаланады, оны Ертіс өзеніндегі мұз жүрісі кезінде жиі шайып кетеді / әкімдік суреті
Солтүстік Қазақстан облысы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық бірлігі ретінде 13 ауданға және облыстық маңызы бар қалаға (облыс орталығы – Петропавл) бөлінеді. Қалалардың саны – 5, ауылдық округтер – 186, ауылдар – 590. 2010 жылы олардың саны – 714 болған.
Қостанайлық блогер Асхат Иманбаев «Ұмытылған өлке» атты ютуб-арнасын жүргізеді, ол Қазақстан мен Ресейді аралап, қаңырап бос қалған ауылдардағы өмірдің іздерін түсіреді. Бірнеше жыл бұрын ол алғаш рет БАҚ-та «Робинзон» атанып кеткен Александр Бурмагиннің үйінде қонақ болған. Себебі Александр Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданындағы Янцено атты қаңырап қалған ауылда сегіз жылдан астам уақыт бойы жалғыз өзі өмір сүрген. Бұл ауыл 2019 жылы таратылған еді.

СҚО-дан шыққан Робинзон, деп марқұм Александр Бурмагинді БАҚ атады
– Александр өз жерінің нағыз патриоты болатын. Алғаш кездескенімізде ол маған өзі, ауылы, отбасы туралы көп қызықты әңгіме айтып берді. Балалары ауылға әкесіне жиі келіп тұратын, тұрмысына көмектесетін. Бірақ ол уақыттың көбін жалғыз өткізді, жан серігі әрдайым иті болды. Александр мені қонаққа шақырды, «жолың түссе, соға кет» деп өтінді. Мен міндетті түрде ораламын деп уәде бердім, бірақ үлгере алмадым, – дейді Асхат Иманбаев.

Михайловка ауылы Янцено орналасқан ауданда, бір ғана көшеден тұрады / Google карта суреті
Ол Янценоға Александр Бурмагин қайтыс болған соң ғана қайта орала алды. Қазір көне неміс ауылында тірі жан қалмаған.
– Мен 100-ден астам ауылға бардым. Тек Денисов ауданында ғана 60-жылдары таратылған 19 елді мекен бар, олардың орнында түк жоқ, тек қана қураған пеньктер қалған. Көп ауылда адамдар баяғыда көшіп кеткен. Б.Майлин ауданында су қоймасының астында қалған ауылдарды түсірдім. Мендіқара ауданында да болдым, – дейді блогер. – Әрдайым түсіре беруге мүмкіндік бола бермейді, кейбір ауылдарда тек бір шаруашылықтың ғана үйі бар, ал ол жердің адамдары байланысқа шығуға әрқашан дайын болмайды. Қаңырап қалған ауылдарда өткен өмірдің іздері кездеседі. Көбіне ол – арам шөп басқан қора-жайлар. Кейде аулаларда белуардан келетін шөп қана емес, үйлердің іргесін қиратып тұрған ағаш діңдері өсіп кеткенін көремін. Ал бөлек әңгіме – ескі зираттар. Неміс ауылдары өзгешелеу: көшелері түзу, ұзын, жолдарында асфальт та бар. Үйлері ұқыпты салынған, сырланған, сондықтан қанша жыл өтсе де әлі де еңселі көрінеді. Мұндай жерлерде абайлап жүру керек, көміліп қалған құдықтарға түсіп кету қаупі бар. Жиі жабайы аңдар да кездеседі. Әрине, қалада миллионға сатылардай еңселі үйлердің қаңырап бос тұрғанын көру көңілді құлазытады, – дейді ол.
МЕМЛЕКЕТТІҢ КЕМШІЛІКТЕРІ
Қазақстанның солтүстігіндегі қаңырап қалған ауылдар мәселесі – жай ғана демографиялық өзгеріс емес, ұзақ тарихи процестердің салдары, дейді тарихшы Серікжан Исмаилов. Оның айтуынша, халық саны мен елді мекендерге 20–30-жылдардағы ашаршылық, репрессия толқындары, Екінші дүниежүзілік соғыс, ал кейін керісінше – тың игеру сияқты оқиғалар айтарлықтай ықпал еткен. 90-жылдары жағдайды Кеңес Одағының ыдырауы мен экономикалық дағдарыс ушықтырды.
– Қазақстанда халық саны өсіп келеді, бірақ бұл мәселе ешқайда жоғалған жоқ, көбінесе ол солтүстік аймақтарда байқалады. Егер оңтүстікте халық тығыз орналасса, бізде керісінше – аумақ кең, ал адам аз, – деп түсіндіреді сарапшы.
Бұл проблеманы шешу үшін мемлекет оңтүстіктен солтүстікке қоныс аудару бағдарламаларын іске қосты. Исмаиловтың айтуынша, бұл бастамалар жақсы қаржыландырылғанымен, іске асыру барысы сұрақ туғызады.
– Негізгі мәселе – бөлінген қаражатты қалай жұмсау, бейімделу процесінің қаншалықты дұрыс жүргізілуінде. Шартты түрде жылы оңтүстіктен көшіп келген адамға мұнда мүлде басқа климат пен табиғатқа бейімделу қиын. Жиі ұсынылатын үйлердің сапасы сын көтермейді. Бағдарлама бойынша қоныс аударған адамдар жаңбыр кезінде шатырынан су ағатын, қатты қысқы аязда дұрыс жылытылмайтын үйлерге тап болады. Соның салдарынан уәде етілген жағдайға көңілі толмағандар қайтадан оңтүстікке оралуға мәжбүр, – дейді ол.
Сарапшы тағы бір бастаманы – жастарға арналған «Серпін» бағдарламасын атап өтті. Ол жастарға елдің солтүстігіндегі жоғары оқу орындарында білім алуға, кейін бірнеше жыл осында жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Көпшілігі қалып, жұмыс тауып жатса да, біразы туған жеріне қайтып кетеді.
– Жақсы мысалдар бар: адамдар көшіп келеді, жұмыс беріледі, олар бейімделеді, баспаналы болады. Бірақ теріс мысалдар да кездеседі. Бағдарламалар нәтижелі болуы үшін оң мысалдар көп болуы тиіс, олар 100 пайызды құрауы қажет. Сонда ғана мемлекеттік саясат шынымен тиімді деп айта аламыз, – дейді Серікжан Исмаилов.
Қорытындылай келе, «картаны қайта сызып шығу» – тек әкімшілік шара ғана емес, көптеген елді мекендердің тарихындағы драмалық бет. Ресурстарды өміршең ауылдарда шоғырландыру – қажетті қадам. Алайда жаңа «елестер ауылын» болдырмау үшін мемлекет ауылдарды қолдауға және жаңғыртуға әлдеқайда мұқият қарауы тиіс.
Ауыл – елдің аграрлық секторының негізі. Оның таратылуы немесе құлдырауы егістік жерлердің азаюына, өңделмегендіктен жердің тозуына, шаруашылықтардың жоғалуына әкеледі. Дәнді дақылдарды, етті, сүтті, көкөністі кім өндіреді? Себебі мықты әрі дамып жатқан ауылдарсыз өркендеген, орнықты мемлекет құру мүмкін емес.
#Ауыл - ел бесігі, #ауыл, #Солтүстік Қазақстан