Аймақ басшысы Энергетик шағын ауданы тұрғындарымен кездесті

Аймақ басшысы Энергетик шағын ауданы тұрғындарымен кездесті

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев «Энергетик» шағын ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында аудан тұрғындарының өтініштеріне құлақ түріп, қойылған сұрақтарға жауап берді.

«Энергетик» - облыс орталығындағы жаңа аудандардың бірі. Соңғы жылдары ауданда көпқабатты тұрғын үйлердің қатары көбейіп, халық саны да артып келеді. Шағын аудандағы жол асфальтталып, жылу жүйесі қалыпты беріліп тұр. Десе де, тұрғындарды мазалаған мәселелер бар.

«Мен бұл ауданда көп жылдан бері тұрамын. Жағдайымызды айтуға сізге дейін қаншама басшыларды шақырдық. Алайда, бірі де келген емес. Қала бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстарды көріп жатырмыз. Қуаныштымыз. Сол үшін өзіңізге, сіздің командаңызға алғыс айтамыз. Енді біздің де ауданға көңіл бөлсеңіздер екен», -деді Гүлмира Садыққызы есімді тұрғын.

Аудан тұрғындарының әкімге жеткізген өтініштерінің қатарында абаттандыру, ыстық су, балалар алаңын ретке келтіру сынды мәселелер бар. Сондай-ақ суық судың ара-тұра ажыратылатыны да айтылды.

«Сіздердің тараптан көтерілген әрбір сұрақ жауапсыз қалмайды. Бірақ бір жайтты жақсы түсінуіміз керек. Ұзақ жылдар бойы жиналған мәселелер бір күнде шешілмейді. Біртіндеп жолға қоятын боламыз. Қала бойынша 500-дің үстінде аула бар. Олардың бірқатарын былтыр жөндесек, биыл тағы да көптеген ауланы қалпына келтірдік. Бұл жұмыс жалғаса береді. Солардың қатарында сіздердің шағын аудан да бар. Мен бұл жұмыстардың барлығын өз бақылауымда ұстаймын», -деді облыс әкімі.

Облыс әкімі тұрғындармен кездесіп қана қоймай, шағын ауданды аралап, жағдайды өз көзімен көрді. Сапар соңында орынбасары Димитрий Гариков пен өзге де жауапты тұлғаларға шағын ауданнның мәселесін шешуге қатысты нақты тапсырмалар жүктеді.


#Семей, #Абай облысы, #Абай облысының әкімі