Жол мәселесі: Шұбартаудағы түйткіл қашан шешіледі?
Аягөз ауданына қарасты Шұбартау өңіріндегі республикалық тас жолға қатысты соңғы күндері тараған бейнематериалдар тұрғындар арасында алаңдаушылық туғызды. Жолдың бүлініп, ауыр техникалардың салдарынан жарамсыз күйге түскені жайлы кадрлар халықтың көңіл-күйіне әсер етіп отыр. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспсөз мәслихатында Аягөз ауданының әкімі Айбек Нұғымаров жағдайға қатысты пікір білдіріп, мәселенің мән-жайын түсіндірді. Бұл туралы abaidan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі хабарлайды.

Аудан әкімінің айтуынша, алдымен видеоларда көрсетілген техникалардың қай кен орнына тиесілі екенін анықтау жұмыстары жүргізілген.
«Біз Сарыбұлақ кен орны басшылығымен байланысқа шықтық. Олар ресми хат жолдап, видеодағы техникалар өздеріне тиесілі емес екенін мәлімдеді. Дегенмен, олардың айтуынша, өз техникалары бұл жолмен жүретіні рас», – деді ол.
Сонымен қатар, кен орны өкілдері ҚазАвтоЖол мекемесіне жолдың шұңқырларын өз қаражаты есебінен тегістеуге рұқсат беру туралы өтініш білдірген. Аудан аумағында бірнеше кен орны бар екенін ескерген аудан әкімі, нақты қай компанияның техникалары жолды бүлдіргенін анықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатқанын айтты.
«Үш күн бұрын Өркен ауылына барып, жолдардың жағдайын өз көзіммен көрдім. Кейбір учаскелер қатты бүлінген. Бұған дейін Мәдениет ауылына дейінгі жолдар жөнделген болатын, алайда қазіргі жағдай көңіл көншітпейді», – деді ол.
Мәселе бойынша аудан басшысы ҚазАвтоЖол басшылығымен де сөйлескен. Компания өкілдері бұл жолды биыл қарастыру жоспарда бар екенін айтқанымен, нақты қандай көлемде қаржы бөлінетіні әзірге белгісіз.
Айта кетейік, Шұбартау ауылы тұрғындары да бұл мәселеге бей-жай қарамай, тиісті органдарға – транспорттық прокуратураға, полицияға және жергілікті әкімдікке ресми хат жолдаған.
Қазіргі таңда жауапты тарапты анықтау жұмыстары жүргізілуде. Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, жақын арада кінәлілер анықталып, нақты шешім қабылданады.
Жалпы, аталған жол республикалық маңызға ие болғандықтан, оның күтімі мен жөндеу жұмыстары ҚазАвтоЖол құзырында. Осыған байланысты аудан әкімдігі жолды тегістеу және қалпына келтіру мәселесін ресми түрде көтеріп отыр.
#Абай облысы, #Аягөз, #жол, #ҚазАвтоЖол