Азаматтарды жеке қабылдау өтті
Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев азаматтарды жеке қабылдауын өткізді. Тұрғындар жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және тұрғын үйге қатысты мәселелерді көтерді. Олардың әрбір өтініші мұқият тыңдалып, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Қабылдау нәтижесінде аймақ басшысы аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларына мәселелерді жедел шешу жөнінде нақты тапсырмалар берді.
«Тұрғындардың мәселесін шешуге көмектесу – біздің басты міндетіміз. Біз олардың нақты қолдауды сезініп, өзгерістерді көруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Нұрлан Ұранхаев.
Кездесуде тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылды.
«Біз бұл мәселенің әрбір отбасы үшін қаншалықты маңызды екенін түсінеміз. Мұқтаж жандар үшін баспананың қолжетімділігін арттыру және оны жүзеге асыруды жеделдету жөнінде шаралар қабылданады. Үй кезегі баспаналардың салынып, пайдалануға берілуіне сай алға жылжитын болады», - деді әкім.
Қазіргі уақытта жалпы ауданы 246,9 мың шаршы метрді құрайтын 39 көппәтерлі және жеке тұрғын үй салынуда, 2100 отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Алдағы үш жылда тағы 148 көпқабатты тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Бұл 6,8 мың отбасына жеке баспана сатып алуға мүмкіндік береді.
#Абай облысы, #Абай облысының әкімі