Бородулиха ауданындағы өртті бақылау үшін оқиға орнына облыс әкімі Берік Уәли келді. Аймақ басшысы жағдаймен танысып, өртті тікұшақпен әуеден қадағалады.

Орман өртін сөндіруге Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар, Ішкі істер, Қорғаныс министрліктерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің және жергілікті атқарушы органдардың күштері жұмылдырылды. Қазіргі уақытта оқиға орнында 600 адам жұмыс істеуде, 148 бірлік техника мен 7 тікұшақ жұмылдырылған.

Барлық күштер өрт аймағына келіп, қойылған міндеттерді орындауда. Қызметтердің үйлесімді іс-қимылының нәтижесінде Қамышенка ауылына төнген қауіп сейілді. Барлық іс-шараларды үйлестіру үшін ҚР ТЖМ Жедел басқару орталығының базасында жедел штаб құрылды.


Авиация күшімен өрт ошақтарына жалпы көлемі 89 тонна суды құрайтын 81 рет су төгу жүзеге асырылды. Өрт орнына Абай, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласынан ТЖМ бөлімшелері, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының, «Ертіс орманы» орман шаруашылығының күштері және ТЖМ әскери бөлімінің жеке құрамы жіберілді. Облыс әкімі өрт толық сөндірілгенге дейін жағдай қатаң бақылауда болатынын айтып, тиісті тапсырмалар берді.




