Блогерлер БАҚ өкілі ретінде тіркеліп, жұмыс істей ала ма?
Кәсіби журналистер мен блогерлердің мәртебесі тең бе? Блогерлер БАҚ өкілі ретінде ресми тіркеле ала ма? Бұл сауалды Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақовтан сұраған едік,-деп хабарлайды Қазақпарат.
«Масс-медиа туралы заң жобасын әзірлегенде бізден кәсіби журналистер мен блогерлердің іріжігін ажырату керектігі талап етілді. Біз бұл мәселені саралай келе кәсіби журналистердің мәртебесін кеңейтіп, өкілеттік беріп отырмыз. Алдымен журналистердің сауалына жауап беру мерзімі 7 күннен 5 күнге қысқартылды. Ал блогерлер мен желі қолданушылардың сауалына жауап 15 пен 30 күн аралығында беріледі» — деді Қанат Ысқақов Astana Media Week іс-шарасы барысында БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере тұрып.
Сондай-ақ, вице-министр блогерлердің ресми тіркеле алатынын айтып отыр.
«Блогерлер БАҚ ретінде тіркеле алады, бірақ олар ресми тіркелген жағдайда Масс-медиа туралы заң талаптарын орындауы керек. Тіркелу процесі оңтайландырылған, бірақ белгілі бір талаптар қойылады», — дейді ол.
Дәстүрлі шараның биылғы тақырыбы — «Медианың әсері және цифрлық үндестік».
#Астана, #Блогер, #БАҚ, #медиа форум