Бурабайдағы IV Ұлттық құрылтайда елдегі өзекті мәселелер талқыға салынбақ
Бурабайда IV Ұлттық құрылтай өтіп жатыр. Алқалы жиынның алғашқы күнінде қатысушылар «Азаматтық қоғам», «Мәдениет. Өнер. Руханият», «Білім және ғылым», «Әлеуметтік-экономикалық даму» секцияларына қатысып, елдегі өзекті мәселелерді талқыға салды.
Секция отырыстарына Үкімет пен орталық мемлекеттік органдардың өкілдері де қатысты, олар былтыр Атырауда өткен құрылтайда көтерілген бастамалардың орындалуы жөнінде қысқаша ақпар берді. Жиында 2024 жылғы 1 қыркүйектен бастап еліміздегі орта білім беру ұйымдарында іске қосылған Мектептердегі тәрбие жұмысының жаңартылған бағдарламасының алғашқы нәтижелері талқыланды.
Құрылтай мүшелері ұлттық құндылықтарды одан әрі нығайту қажет екеніне назар аударды. «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында қажырлы еңбек пен кәсіби құндылықтарды насихаттауға ерекше ден қою керек деген пікірлер айтылды. Одан бөлек, қатысушылар елдегі білім-ғылым саласын дамыту мақсатында қабылданып жатқан шараларға оң баға берді. Әсіресе, жайлы мектептер салу, шәкіртақыны арттыру, шетелдік жоғары оқу орындарының жаңа филиалдарын ашу, ғалымдар мен ұстаздарды мемлекеттік наградалармен марапаттау жұмыстарын ерекше атап өтті.
Жиын қатысушылары қоғам кеселдерімен күресу бағытында атқарылып жатқан мемлекет пен халықтың бірлескен жұмысына айрықша тоқталды. Құмар ойындарға, нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес жоспарының алғашқы нәтижелері қаралды. 2024 жылғы 16 маусымда күшіне енген «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес туралы» Заңның әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғаудағы тиімділігі де атап өтілді.
Осы жылғы басты оқиғалар ретінде Конституцияның 30 жылдығы, Ұлы Жеңістің 80 жылдығы және Абайдың 180 жылдығы айтылды.
Сонымен қатар қатысушыларға Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан энергетика, көлік, тұрғын үй құрылысы және газ жүйесі салаларына қатысты ауқымды инфрақұрылымдық бастамаларының іске асыру нәтижелері туралы да ақпарат берілді. Атап айтқанда, өткен жылы жалпы инвестиция көлемі 40 триллион теңгеден асатын 200-ден астам жобаны жүзеге асыруды көздейтін 2029 жылға дейінгі Ұлттық инфрақұрылым жоспары қабылданған болатын.
Секциялар Ұлттық құрылтай мүшелері өз ұсыныстарын әріптестерімен және мүдделі мемлекеттік органдармен тікелей талқылай алатындай диалог форматында өтті.
Жиын соңында қатысушылар Ұлттық құрылтайдың үшжылдық жұмысын саралай келе, оны қоғамдық консолидацияны нығайтуды көздейтін идеяларды талқылауға және нақты стратегиялық қадамдарды тұжырымдауға арналған негізгі институт ретінде қалыптасқанын ерекше атап өтті.