«Еңбек – бәрін жеңбек» қағидасын ұстанған азамат

«Еңбек – бәрін жеңбек» қағидасын ұстанған азамат

«AMANAT» партиясы жүзеге асырып жатқан «Кедергісіз келешек» жобасының басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандарға тең мүмкіндік беру, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыру. Бұл бастаманың нақты көрінісі – бірінші топтағы мүгедек, қолөнер шебері, 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінің қатысушысы Абылайхан Асылбайдың өмір жолы. Абылайхан Қалқанұлы – тағдыр сынағына мойымай, өмірін адал еңбекпен өрнектеген нағыз еңбек адамы. Ол «Еңбек – бәрін жеңбек» деген халық даналығын өмірлік ұстанымына айналдырып, тек жеке табысқа емес, ел дамуына да үлес қосуды мақсат тұтқан азамат.

Мен үшін еңбек – тек табыс көзі емес, өмірдің мәні мен тірегі. Жүре алмай, арбаға таңылғанда, өмірім тоқтап қалғандай болды. Бірақ еңбек маған қайтадан өмірге оралуға күш берді. Қазір өз кәсібімді жүргізіп, ел қатарлы еңбек етіп келемін. Сондықтан Жұмысшы мамандықтар жылын ерекше қуанышпен қабылдадым. Бұл – қолымен, маңдай терімен еңбек етіп жүрген әрбір жанға көрсетілген құрмет. Еңбек арқылы бақытқа жетуге болатынын мен өз өміріммен дәлелдедім. Жастарға айтарым – қандай жағдайда болсаң да, еңбектен қашпа, өйткені еңбек – еңсені тіктейді,-дейді шебер.

1963 жылы Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген Абылайхан Асылбай Зайсан қаласындағы кәсіптік-техникалық колледжді бітіріп, құрылыс саласында еңбек жолын бастайды. Алайда 1996 жылы ауыр өндірістік жарақат алып, арбаға таңылады. Дәрігерлердің «жүре алмайсың» деген үкімін мойындамаған ол үш жыл бойы күресіп, ақыры балдақпен жүріп-тұру мүмкіндігіне ие болады. Осы күрес жылдары оның ішкі қайратын шыңдап, жаңа бағыт – ұлттық қолөнерге жол ашты. Ол темірден түйін түйіп, ағаштан ұлттық бұйымдарды жасауды қолға алады. Абылайхан Асылбайдың айтуынша, қолөнер – атадан балаға жалғасқан отбасылық мұра. Бұл өнерді ол Қазақстанның танымал этнографы, шебер Дәркембай Шоқпарұлынан үйреніп, нағыз кәсіби деңгейге көтеріледі.

Алғашқы туындысы – 25 келі тартатын қазақ жауынгерінің сауыты. Үш жыл бойғы еңбектің жемісі болған бұл дүние бүгінде көрмелердің төрінен орын алған. Ер-тұрман, қару-жарақ, дулыға, ұлттық әшекейлер мен тұрмыстық бұйымдар – бәрі оның шебер қолынан шыққан туындылар.

Қолөнерге қажетті материалдармен шектелмей, ол тіпті тұрмыстық қалдықтарды да кәдеге жаратады. Бұл – оның экологиялық санасы мен шығармашылық икемін көрсететін ерекшелігі. Абылайхан шебер: «Қолға түскеннің бәрі – шебердің пайдасына жарайды» деген ұстаныммен еңбек етеді.

Оның туындылары – отандық мұражайларда, жеке коллекцияларда және шетелдерде де жоғары бағалануда. Қазақстандағы түрлі көрмелерде жүлдегер атанған, «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы ретінде танылған.

Абылайхан Асылбай ешқашан тағдырына шағым айтқан емес. Керісінше, елге пайдасы тисін деп, ұлттық өнерімізді дәріптеу жолында тынымсыз еңбек етуде. Қазіргі таңда жастар мен ерекше жандарға арналған шеберлік сағаттарын өткізіп, қолөнер үйретуде.

Оның отбасы – өмірлік серігі Абайгүлмен бірге тәрбиелеп отырған перзенті – шынайы отбасылық құндылықтардың жарқын көрінісі. Сонымен қатар, ол – «Абай облысы Желтоқсан-86» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшесі.

Абылайхан Асылбайдың өмірі – «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасының мәнін нақты іспен дәлелдеп отырған үлгі. Оның қайсарлығы мен еңбекке адалдығы қоғамдағы жалқаулық пен масылдыққа қарсы тұратын шынайы құндылық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» деген сөзі дәл осындай азаматтарға арналған.

Абылайхан Асылбай – мүмкіндігі шектеулі болса да, арманы шексіз, қолынан өнер тамған азамат. Оның жолы – «Кедергісіз келешекке» ұмтылған барлық жандарға шабыт пен үміт сыйлайды. Еңбекті ұлықтау – елдіктің белгісі, ал осындай азаматтарға құрмет көрсету – барша қоғамның міндеті.


#Еңбек адамы, #Жұмысшы мамандықтары жылы