Орман сақшыларының екі буыны: Смаиловтар әулетінің еңбек жолы

Орман сақшыларының екі буыны: Смаиловтар әулетінің еңбек жолы

Әр ауылда елдің еңсесін көтеріп, тіршіліктің тінін ұстап тұрған еңбек адамдары бар. Бесқарағай өңірінде сондай жанның бірі – Серікбек Жұмашұлы Смаилов. Ол – еңбектің адамы, істің адамы, туған өлкенің жасыл байлығын қорғауға және көбейтуге өмірінің қырық жылға жуық уақытын арнаған азамат. Серікбек Жұмашұлының өмір жолы еңбек пен адалдықты басты құндылық еткен отбасынан бастау алады. Ол 1965 жылы 8 қыркүйекте Семей облысы Бесқарағай ауданының Канонерка ауылында көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Жұмаш Тоқтағанұлы Смаилов бар ғұмырын орман шаруашылығына арнаған жан еді. Әскер қатарынан оралған соң, 1963 жылдан бастап орманшы болып еңбек етіп, табиғатты қорғап, осы сүйіспеншілікті балаларының бойына дарытты. Негізгі қызметінен бөлек, ол өз қолымен пеш тұрғызатын шебер болған. Өз жобасымен салған пештері бүгінге дейін адамдарға қызмет етуде. Оның қарапайым да қадірлі еңбегі баласына үлкен өнеге болды.

Әкесінің табандылығын, табиғатқа деген жанашырлығын көріп өскен Серікбек бала кезінен-ақ өз өмірін орманмен байланыстыратынын білді. Мектеп бітірген соң Лениногор орман техникумына түсіп, кейін әскер қатарында қызмет етті. 1986 жылдан бастап Жаңасемей орман шаруашылығында еңбек жолын бастады – орман шеберінен орманшылық басшысына дейін көтерілді. Кейін Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмамдап, «орман ресурстары және орман шаруашылығы» мамандығы бойынша жоғары білім алды. Жылдар бойы ол өз ісінің нағыз шебері, орман мен адамға адал, іскер басшы болып қалыптасты. Орман шаруашылығы жүйесінде қайта құрулар жүрген қиын кезеңдерде де алдыңғы шептен табылып, ірі өрттерді сөндіру ісіне қатысты, әрі «Семей орманы» мемлекеттік табиғи орман резерватының құрылуына атсалысқандардың бірі болды.

Бүгінде Серікбек Жұмашұлы – орманшы ғана емес, ауыл тұрғындары сүйеніш көретін, ақыл-кеңес сұрайтын тұлға. Оның қамқорлығы мен жауапкершілігі кәсіби шеңберден асып, ауылды көркейту, әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру, халықты біріктіру бағытында да көрініс табуда. Жан серігі, сенімді серіктесі – Далалық орманшылықтың радиобайланыс операторы Ағиян Слямқызы. Ерлі-зайыптылар жиырма жылдан астам уақыт бойы иық тірестіріп, бір-біріне демеу болып келеді. Олардың отбасы – сүйіспеншілік пен еңбектің, бірліктің үлгісі. Көпжылдық еңбегі мен жоғары кәсіби нәтижелері үшін Смаилов Серікбек Жұмашұлы көптеген марапаттарға ие болған. Соның ішінде: «Орман күзетінде мінсіз қызметтің 20 жылдығы» төсбелгісі және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің «Биологиялық әртүрлілікті сақтау мен көбейту ісіндегі жетістіктері үшін» медалімен марапатталған.

Бұл марапаттар – оның табиғатты қорғауға, кәсібіне адалдығына және өмірлік ісіне деген шексіз беріктігінің айғағы.


#Абай облысы, #Бесқарағай, #Еңбек адамы